Қарағанды облысы өңірінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Игі бастама мыңдаған оқушы мен педагогты біріктірді.
Биылғы акция ерекше деңгейде ұйымдастырылды. Облыс бойынша оған 11-сыныптың 8 758 түлегі қатысса, оның 3 530-ы — Қарағанды қаласының мектеп бітірушілері. Іс-шара барысында өңірде шамамен 350–400 ағаш отырғызылып, оның 140–150-ге жуығы облыс орталығында егілді.
Іс-шаралардың бірі Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп базасында өтті. Мұнда экологиялық дәстүр 30 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Мектеп аумағында қалыптасқан «Түлектер аллеясы» бүгінде шағын саябаққа айналған.
Биыл аталған мектептің 78 түлегі 40-тан астам ағаш отырғызды. Олардың қатарында шырша, қайың және жеміс ағаштары бар. Сонымен қатар 50 түп қазтамақ гүлі егілді. Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» акциясы аясында мұнда тағы 1000-ға жуық гүл отырғызылып, этногүлзар жасау жоспарланып отыр.
Экологиялық бастама өңірдегі басқа да мектептерде жалғасын тапты. Жалпы алғанда акцияға 3 500-ден астам оқушы қатысып, жастардың белсенділігін көрсетті.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар тек қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастырып, жауапкершілік пен жасампаздық құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.