Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, кінәні мойындау туралы процестік келісімінің негізінде Қаңтар оқиғалары кезінде жеткізілген адамға азаптауды қолданғаны үшін (ҚК-нің 146-бабы) айыптау үкімін шығарды.
Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеп-тексерді.
«Прокурорлар 2022 жылғы 8 қаңтарда Алмалы ауданының Полиция басқармасында кінәлі полиция қызметкерінің жеткізілген азаматқа қатысты азаптауларды қолданғанын дәлелдеді. Полиция қызметкерінің құқыққа қарсы әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге тән азабы келтірілген», – делінген Алматы прокуратурасының хабарламасында.
Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыға арнайы атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.