Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Қайдасыз, ойбай?”. Ашынған саудагерлер неге наразы?

190

Бауыржан Байбектің қабылдауынан күдер үзгендердің қолдарына плакат алып, айқайлаудан басқа амалы қалмаған. Тықыр таянды. Он күннен кейін он жылдан астам тұрған жерлерінен түбегейлі кетулері керек. Келісім-шарттың уақыты бітті. Ал, әкімдік «ары қарай созбаймыз, босатыңдар» деп бір-ақ кескен.

«Қаланың әкіміне кіре алмағалы халықтың 4 айдың жүзі болды. Ешқандай кіргізбейді бізді. Бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ», – дейді сатушы Айгүл Қоңырбаева.

«Қаланың сыртына базарға барыңдар дейді. Ол жерге халық бармайды ғой. Базарға барсаң біздің жұмысымызға сәйкес келмейді. Сауда үйіне барыңдар дейді. Ол жерде аренда қымбат. Біздің шамамыз жетпейді», – дейді сатушы Бақыт Қашабаев.

Қаладағы 30 дан астам жер асты жолында жан баққандар бастарына үйірілген қара бұлттың сейілмесін сезеді. Жеті жүзге жуық саудагер артындағы бала-шағасын енді қалай асыраймын деген мұңның ұйығына батқан. Бүгінге дейін тұрғындарға пайдасы болмаса, кесірі тимеген кәсіптері әкімдікке неліктен көзге шыққан сүйелдей болғанын түсінбейді.

«Үкіметтен ақша сұрап жатқан жоқпыз. Ешкімге біз қол жайып барып жатқан жоқпыз. Сондықтан Байбек мырзадан сұрайтынымыз бізді қабылдасын, өтінішімізді тыңдаса екен», – дейді кәсіпкер Сәкен Нұрлыбаев.

Шаһар әкімі бұл шағымнан хабардар. Бірақ, Бауыржан Байбектің езілген жүректерге бүйрегі бұрылмай тұр. Осыған дейін «базарға барсын» деген тоқетер сөзін айтқан. Жағдайға араша түсер, бәлкім түсінер деген үмітпен сатушылар Нұр Отанға келді. Әкіммен кездесуге септесулерін сұрады.

Саудагерлер қала әкімінің қабылдауына кезекті рет жазылды. Бәлкім, осы жолы қабылдар деген көмескі үміттері бар. Басқа жерге барайын десе, шағын кәсіпті қармағандар орта кәсіптің шоқпарын көтере алмайды. Жер асты жолында жан баққандар төбедегілердің төменге түсіп, түсінгендерін қалайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз