Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Қайдағыны айтпаңыз…”. Димаштың әкесі ұлын сынаған Мұртаза Бұлытайға жауап берді

Бұл сөз осындағы көппен қатар Димаш Құдайбергеннің әкесінің де шымбайына батты. Әрине, телебайқаудың әр кезеңі жаңа талап, үлкен дайындық пен қыруар еңбекті қажет етеді. Бірақ осындай қарбалас сәтке қарамастан, Димаштың әкесі Қанат Айтбаев Facebook әлеуметтік желісі арқылы Мұртаза Бұлытайға жауап берді. Біз оны қысқаша қайырып беріп отырғанымызды ескерте кеткіміз келеді.

«…Бұлытай мырза, бұл байқауға Димаштың қатысуы – қытайлардың саясаты» — депсіз. Қазіргі заманда адамзат жабық қоғамда өмір сүре ала ма?

Әлемде көптеген спорттық жарыстар, олимпиадалар, өнер додалары, музыкалық фестивальдер, конкурстар т.б. көптеп өткізіліп жатады. Негізгі мақсаты – елді таныту. Қазақстанның атынан талай азаматтарымыз көптеген шараларға қатысып жатады, соның бәрінен саясат іздейміз бе?

Әр саланың мамандары мүмкіндігінше еліміздің әлеуетін көтеріп, мемлекетімізді жақсы қырынан танытуға талпынса несі айып? Қаншама жігіттеріміз бен қыздарымыз халықаралық деңгейде жақсы жетістіктерге жетіп, жүлделермен оралып жатыр, солардың барлығының жеңісінен жымысқы саясаттың астарын іздейміз бе?

Димаш бұл сайысқа біздің жеке қалауымызбен (!) Қытай тарапына ұсыныс түсіргеннен кейін бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, кәсіби шеберлігін толық дәлелдегеннен кейін ғана қатысуға жолдама алды.

Бұл – дода, сіз ойлағандай, қазақты алдаусырату үшін ойластырылған жоба емес, бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан, Еуропа мен Азияның түрлі елдерінің ең танымал, кәсіби әншілері ғана қатыса алатын телевизиялық конкурс.

…Осыған дейін Димаш Қазақстанның атынан славян мемлекеттерінде өнер көрсетіп, танымал болған еді. Алла бұйыртса, Еуропа, Америкадағы сындарға да барар. Онда да Димаштың қатысуын сол елдердің саясатымен байланыстырамыз ба? Ал қазіргі кейбір қазақтың ана тілін білмей, көрші мемлекеттің тілінде сөйлейтіндігі үшін кейбір адамдардың ұлт мүддесін қолдан беріп жүргендігі үшін, отаншыл еместігі үшін Димаштың қандай кінәсі бар!?

Марқұм нағашы әжем «Өзіңе өзің мықты бол, қоңсыңды ұры тұтпа» деп отырушы еді. Әрине, шетелдің ықпалынан сақтанған дұрыс. Ол үшін әрқайсымыз өз отбасымызды мықты ұстауымыз керек…

Ал енді біріміз шыңға өрмелеп бара жатқанда, екіншіміз оның балағына жармасып жатсақ, ел мүддесі туралы әңгіме айтудың өзі артық…»

Мұртаза Бұлытай Facebook-тегі жазбасында былай деген еді:

– …Мəселе, Димашта да емес, оның дауысы мен талантында да емес, ол медальдің бізге көрініп тұрған жүзі.

Бірақ, мына конкурс арқылы Қазақстан қоғамының, əсіресе, қазақтардың Қытай еліне, қытай халқына деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріп кетті, политтехнологтардың көздегені де осы болған шығар.

Мұнай кен орындарының айтарлықтай бөлігі қытайлардың қолында, 51 зауытын бұзып жинап, Қазақстанға əкеп орналастырайын деп жатыр. Қазақ қыздарын бойдақ қытайларға ұзату жобасы жүріп жатыр. Қазақстаннан ауылшаруашылығы нысанасы болып табылатын жерлерді сатып алу немесе жалдау мақсаттары айқын. Шыңғысханның киносы мен сериалдары осыдан оншақты жыл бұрын алғашқы пиар жобаларының бірі ретінде тиімді жүзеге асырылды. Көрермен жылы қабылдап, астыңғы санаға Қытай киноматографиясының оң имиджі орналастырылды, тіпті, қытайша үйрене бастаңдар деген сөздерді естідік. Енді осы əн байқауы тағы бір рет керемет күшті, бай жəне əділетті Қытай елі түсінігін санаға құйып берді.

Қуаныңыздар, қуана беріңіздер!„

PS. Мұны, әрине, жаға жыртысу немесе егес деп айту өте қате. Біздің қоғамда әр азамат өзінің жеке көзқарасын білдіруге құқылы. Бұл – соның бір айғағы. Әрине, өз кезегімде біз бір тарапты жақтап, бір тарапты даттаудан аулақпыз. Алайда бұл арада біздің де айта кетер бір дүние бар.

Қазақстан – тәуелсіз ел. Тәуелсіз ел қорқыныштарды жеңбей, ақ пен қараны ажырата алмай, тәуекелдерге бас тікпей, алға жылжи алмайды. Иә, ақпараттық майданның мақсаты – түрлі фобиямен адамдардың зәре-құтын алып, бақылауда ұстау.

Бізді бұрын Америкамен қорқытатын, қазір Қытаймен қорқыта бастады, түрлі лаң дәнегін сеуіп үлгерген Ресейден өз-өзімізден үрейленеміз. Сонда біз кімбіз?.. Қандай елміз?..

Өң-бойын қорқыныш билеген адам жаңашылдық жасай ала ма?.. Бұл сұрақтардың жауабы еліміздің дамуы мен жарқын болашағы өзге түгілі, өз қорқынышын жеңе алмай жүрген жалтақ ескінің емес, ой-санасы тәуелсіз, ешқандай фобияға былғанбаған жаңа буынның – тек жастардың қолында екенін аңғарта алады деп ойлаймыз.

Ендеше, жасымыз жасымасын деп тілейік, ағайын!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз