Нұр-Сұлтан
Қазір
22
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Кешегі мен бүгінгі жастар махаббатының айырмашылығы неде?

856

«Жүзің бар, бетің бар» демейді. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағида оларға жүрмейді. Бұған бәлкім бүгінгі қоғам, дұрыс тәлім-тәрбие бере алмаған ата-ана, балабақша, мектеп кінәлі болар. Оған қазіргі жер дүниені өртше жалмаған жаһандануды қосыңыз. Темекі шегу, арақ ішу, қылмыс жасау, жеңіл жүріске салыну – бәрі-бәрі бүгінгі жас өскіннің бойынан табылады.

Жартылай жалаңаш жүргені былай тұрсын, мектеп жасында жеңіл жүріске бой алдырып, жүкті болып қалғандары қаншама? Еліміздегі жастардың жартысынан көбі 13-14 жастан бастап жыныстық қатынасқа түседі екен. Жыл сайын 100 мыңнан астам бойжеткен түсік жасатады.

Ал баяғының баласы қандай еді? Таза еді, ибалы, ұяң еді? Ол кездегі бозбала бойжеткенмен танысқан бойда, қазіргідей қолтықтап, жетелеп кете алмайтын. Ұнатқан қызына алыстан телміріп қарап, реті келсе хат жазып, жауабын апталап, айлап күтіп жүретін.

Бәлкім, бұл жан тазалығының белгісі болар-ау.

Әлі есімде, алтыншы, я жетінші класта оқимын. Кішкентай болсақ та көркем әдебиетті (бүгінгінің баласы ғаламторды шыр айналдырған сияқты) құныға оқитынбыз. Мектеп кітапханасына жиі барамын. Бірде кітап сөрелерін ақтарып тұрып қолыма: «Мен саған ғашық едім», деген қалақтай ғана кітап іліге кетті. Авторы – Төлеген Айбергенов екен. Өлеңдер жинағы. Ол кезде өлең оқи қоймаған кезім. Кітаптың өзінен гөрі, аты ұнады.

«Мен саған ғашық едім». Керемет. Үйге алып кетіп, оқиын деп кітапханашының алдына бардым. Жанында бірнеше мұғалім бар, әңгіме айтып отыр. Менің қолымдағы кітапты көріп, бәрі шалқасына түсе жаздады.

«Мен саған ғашық едім». Мұны қалай түсінуге болады? Мектеп оқушысы мұндай кітап неге оқиды? Іші не жайлы екен ашып көріңдерші», деп мұғалімдер жер-жебіріме жетіп ұрсып жатыр. Ақыры кітап ешқандай анайы емес, кәдімгі өлеңдер жинағы екеніне көз жеткен соң ғана алуыма рұқсат берді. Онда да «мұндай махаббат жайлы кітап оқығанша, пионер батыр бала Болатбек жөніндегі жазғандарды неге оқымайсың?», деп тағы бір шүйлігіп алды.

Мұны жазып отырғаным – ол кездегі ұстаздар оқушыға дұрыс тәрбие беретін.

Жаманнан жирендіріп, жақсыға бейімдейтін. Бәлкім содан болар, ол кездегі мектеп оқушыларында қылмыс жасау немесе өзге де ұятты тірліктермен айналысу болмайтын. Болса да сирек.

Ал Төлеген Айбергеновтың сол жыр жинағы қатты ұнады. (Есейе келе сатып алдым).

Сол жыр жинақтағы махаббат жайлы жазылған:

«Сеземін сүйген жүрекке,
сағыну соқпас оңайға.
Дегенмен, қалқам қалайда,
қалт еткен шақта мені ойла», 

деген жыр жолдарын көшіріп алып, алғаш ұнатқан қызыма жазып та жібергенмін. Кейіннен жылдар өте келе, сол жазған махаббат толы хатыма елең етпей, өзге жанның ошағын түтеткен қызға, сол «Мен саған ғашық едім» кітабындағы

«Жолығар болсам қайта мен,
Тағы бір мәрте сол шақпен.
Бәрінде саған айтар ем,
жалғыз-ақ тамшы моншақпен», деген жыр жолдарын тағы арнадым.

Жалғыз мен емес, сол кездің жастары бәрі сүйгеніне хат жазатын, өздері жаза алмаса өзгеге жаздыратын. Ол бір мөлдір кездер еді. Обалы не, ол кездегі ақындардың да махаббат жөніндегі өлеңдері кіршіксіз таза, тау бұлағындай мөлдір келетін.

Атақты Мұқағали:

– Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
– Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
– Жел боп қуып ақыры жетер еді.
– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
– Қойшы сәулем, бәрін де көтеремін, – дейді.

Қандай мөлдірілік. Сүйгеніңе бұдан артық тауып айту мүмкін бе? Жоқ.

«Дария жақтан көтерілгенде,
Қып-қызыл болып қалқан Ай.
Өбісіп тұрар от еріндерде,
Бар еді-ау бір күш, қалқам-ай».

Бұл – Есенғали. Қазіргі жастар жұлдыз санап, бетін түнгі самалға өптіріп, қырға шықпай-ақ (қалтарысқа бармай-ақ) көпшілік ортасында жабыса қалады. Міне, Есенғали жырлаған кезбен, қазіргі жастардың айырмашылығы қандай екенін осыдан көруге болады. Ал бүгінгі ақындар махаббатты олай жырламайды. Олар тікесінен былай дейді:

Шәйі көрпе шытыр-шытыр етеді,
Шайыр төсек сықыр-сықыр етеді.
«Келші жаным, кел тағы да» дейсің сен,
«Болды» деймін, «жоқ, осы да жетеді».
Бірде майып,
Бірде жеңіп,
Ұтамыз,
Бар бұлақтың балын бірге жұтамыз.
Алқын-жұлқын,
Бөрі тартқан тулақтай,
Айдалада қалған шығар лыпамыз.
Сезім — сері,
Көңіл де — тоқ,
Серт – егіз,
Ерке бала сияқтымыз,
Ерке қыз.
Бұла күштің бұлқынысы шыдатпай,
Белден төмен сырғып кетті көрпеміз.
Көрікті сөз төгіледі кесте боп,
Ләззаттардың лағыл тасын тескен оқ.
Сен емініп,
Мен езіліп жатқанбыз,
О, құдірет…
Арғы жағы есте жоқ...»

…Бұған енді дауа жоқ. Егерде бүгінгі жас өскінге дұрыс тәрбие береміз дейтін болсақ, қай жерде де өнегелі дүниені алға тартқан жөн-ау.
https://kaz.365info.kz/ynty-yp-kelip-sti-e-erkek-shy-anda-yatsyz-a-yn-kim-eken-246629
Жасұлан Заманбек

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз