Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
4
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

«Келе сала бүлдірді-ау!». Жаңа министр жұмыссыздардан салық жинамақшы

Әңгіме өзін-өзі еңбекпен қамтығандарға салынатын жаңа салық туралы. Яғни, жыртығын жамай алмай, кедейліктен сіңірі шыққан халық енді бала-шағасының аузынан жырып, бюджетке салық төлеуі тиіс екен.

Осы реформаға байланысты оңтүстікқазақстандық экономист Ардақ Әшім Мадина Әбілқасымоваға үндеу жолдады.

«Еш жерге тіркелмеген, өз күнін өзі әрең көріп жүрген 2-3 млн халыққа салық төлетемін деп реформа жасағалы отыр екенсіз. Хош делік. Ал енді

сол салық төлейтіндер біреуге жалдамалы болып жұмыс істеп, әрең күнін көріп жүргендер емес пе?

Мысалы, базардағы арбакештер, күл-қоқыстан темір-терсек теріп металлоломға өткізіп жүргендер, біреудің үйін тұрғызып беріп жүргендер және кафеде официант болып жұмыс істейтіндер немесе байлардың кірін жуып, үйін тазалап жүргендер…

Айта берсем, бұдан әрі жалғастырып кете беруге болады», – деп ашынды ОҚО тұрғыны өзінің Facebook-парақшасындағы жазбасында.

Ол жұмыссыздардан салық жинағанша, оларға алдымен жұмыс тауып беру керектігін айтып отыр.

«Болса да туылған балалардың айлық пособиясы мен мектеп жасындағы балалардың нанын тартып алдыңдар. Ал, енді қарапайым халық бала-шағасы түгілі өздерін әрең асырап жүргенде “салық төлетемін” дейтін не деген көреген, білімді адам едіңіз.

https://kaz.365info.kz/khashyp-ketti-kyni-keshe-ministr-bolgan-madina-abilkhasymova-yyatkha-khaldy-video-302072

Сіз осындай антихалықтық реформаңызбен, халықтан алған салықпен кімді байытамын деп отырсыз?

Мемлекетті ме, әлде арамтамақ шенеуніктер армиясын ба?

Онсыз да халықты дарынсыз билік отыз жылға жуық жұмыспен қамтамасыз ете алмай, ауыр жазалап келе жатқан жоқ па? Жұмысы бар, ертеңіне сенімді адам онсыз да салық төлейді.

Сіз неге алдыңызға 2-3 млн халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, кедейшілікпен күресемін деген мақсат қоймадыңыз?!»,

– дейді оңтүстікқазақстандық экономист.

Ол сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың да халыққа салынған салық екенін айтып отыр.

«Жығылғанға жұдырық демекші, қазір Қазақстан халқының 80% нанымды қалай тауып жеймін және бала-шағамды қалай асыраймын деп терең күйзеліске түскен. Тіпті, көбісі 50 жасқа да жетпей, қан қысымы мен инсульттен өліп жатыр. Ал, сіз тағы да мед. сақтандыруды міндеттеп, мәжбүрлеп төлеуді алдыңызға мақсат етіп қойып отырсыз.

Онсыз да отыз жылдан бері халықтың стресс пен ұзақ депрессиялық күйзелістен денсаулығы жоқ десек те болады. Енді сіз өз күнін әрең көріп жүрген осы халыққа салық төлетіп және мәжбүрлі мед. сақтандыруды міндеттеп ендірсеңіз халықтың жағдайы не болмақ?! », – сөзін аяқтады Ардақ Әшім.

Әлеуметтік желі қолданушылары болса экономисті қолдап, жұмыссыздарға салынғалы жатқан салыққа түбегейлі қарсылық танытуда.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз