Павлодарда зейнеткер көріпкелдің тұзағына түсіп, 900 мың теңгесінен айырылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының ІІД әлеуметтік желілерді, БАҚ, WhatsApp мессенджерін пайдалана отырып, тұрғындардың сеніміне кіріп, ақша аударуға мәжбүрлейтін фактілердің көбейгенін ескертеді.
– Алаяқтар ақша алу үшін түрлі әдістер қолданады. Мысалы, 60 жастағы зейнеткер теледидарда нөмірі көрсетілген көріпкелге хабарласып, қызын аурудан емдегісі келген. Алаяқ оған бес сеанстың ішінде қызын сауықтыруға уәде берген. Зейнеткер қаражатты бөліп, бір айдың ішінде жіберіп отырған. Кейін көріпкел телефонын өшіріп тастаған
– деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, «QIWI Кошелёк» терминалы арқылы қаражат жіберіп, алаяқтардың тұзағына түскендер көбейіп келеді.
Олардың арасында жұмыс іздеп жүріп алданып қалған келіншек бар. Ол хабарламада берілген нөмірге телефон шалады. Ар жағынан ер адам Павлодарда ірі компанияның филиалын ашқалы жатқанын және мамандар қажет екенін айтып, құжаттарының көшірмесін жіберуді сұраған.
Бұл талапты орындамаған жағдайда құжаттары бар екенін есіне түсіріп, бопсалауға көшкен. Осылайша, аңғал келіншек алаяқтың шотына 80 мың теңге қаражат аударған, – деді баспасөз қызметінде.