ҚР Ішкі істер министрлігі демалыс күндері Алматы облысында 5 бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырады деген ақпаратқа орай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, тамыз айында Қарасай аудандық ішкі істер басқармасына кәмелетке толмаған балаларға зорлық жасауға қатысты үш шағым түскен. Олардың барлығы да сотқа дейін тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
«Қазіргі уақытта орын алған жайттың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Барлық күдікті анықталды. Олардың барлығы да кәмелеттік жасқа толмаған. Осы жайтты ескере отырып, Ішкі істер министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәмелеттік жасқа толмағандардың құпия қалу құқығын сақтау қажеттігін ескертеді. Кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға алып келетін мәліметтерді жария ету қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады», – деді Алмас Садубаев.