Ведомствоаралық комиссия 20 маусымнан бастап халықаралық әуе хабарламаларын кезең-кезеңмен жандандыру туралы шешім қабылдады.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауларын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) картасына сәйкес эпидемиологиялық жағдай деңгейін ескере отырып, 2020 жылдың 20 маусымынан бастап Түркия, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия мен Жапонияға халықаралық әуе рейстері кезең-кезеңмен жанданады.
Халықаралық бағыттар бойынша рейстердің саны әуе хабарламалары туралы үкіметаралық келісімдердің негізінде және әр бағыттағы әуе кемесінің коммерциялық жүктемесіне байланысты анықталады», — дейді хабарламада.
Рейстер де, билет сатылымы да әуе компанияларының сайтындағы кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Алайда эпидемиологиялық жағдай мен қандай да бір елдегі шектеулердің алынуы да ескеріледі.