Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

“Халықтан террорист іздегенше, биліктегі арандатушыны табу керек” – саясаткер

Бұл туралы саясаткер kaz.365info.kz медиа порталындағы “Неге солай?” бағдарламасында айтты.

 Уақытша тіркеу – шикі бап

– Уақытша тіркеуді шығарғаны – биліктің қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігі, тамыр соғысы қандай екенін білмейтінін көрсетеді. Қазір өзінше уақытша тіркеу жайын түсіндіріп жатыр, мен де тыңдадым.

Мәселен, погон таққан бір келіншек “Бұл біздегі балабақшалардың, мектептердің ертеңгі санын реттеу үшін керек” дейді. Біз өзі уақытша келген азаматтар туралы айтып отырмыз ғой. 10 жылға, 20 жылға қалаға көшкен адам онсыз да тіркеледі. Біз 29-30 күннің ішінде ғана бір тірлік жасағысы келген азаматқа қатысты ғана мәселе қозғап отырмыз. Өзіңіз ойлаңыз енді, бала туу үшін де 9 ай 9 күн керек. Ол өмірге келіп, мектепке баруы үшін 7 жыл қажет. Ешқандай логика жоқ қой. Мен не деймін, домбырам не дейді дегенге саяды. Сондықтан бұл жерде түсіндіру жұмысы аз, әрі жалпылама болып жатыр.

Меніңше осы заңды ұсынып, оны қабылдатуға ат салысқандар үлкен проблеманы қалай шешерін білмей, техникалық бір тұсына ғана назар аударған секілді.

Егер террорист шынымен де жарғысы келсе, бомбасын жасап, жарылғыш заттарын сол пәтерде реттеп, өзінің нысанасын анықтап, 29 күнге жетпей сол арадан кетіп қалуы мүмкін ғой. Бұл терроризм сынды үлкен мәселеге қатысты бізде қабылдана салған бір шала-пұшық нәрсе. Дәл осы баптан-ақ лаңкестікке қатысты бүтін заңнаманың сапасы қандай екенін аңғаруға болады.

Әміржан Қосанов

Полицейлерге жақсы болды. Жемқорлық қанат жаяды

– Қазақстанда белгілі бір сала мамандары бір орнында отырып, ұзақ тәжірибе жинамайды. Біз жоғары басшылардан бастап, төменгі звеноға дейін жиі ауыс-түйіс болатынын байқаймыз. Ал бізде командалық принцип бар. Бір өңірге, немесе Астанаға бір басшы келсе – команда толықтай өзгереді, яғни кадрлық тұрақтылық жоқ. Мұны ашық мойындауымыз керек.

Мен мемлекетшіл азаматпын. Мен де тәртіп болуы керек деп ойлаймын. Статистика болуы тиіс. Қазақстандағы ішкі көші-қонның процестерін бағамдап отыру қажет. Ол мемлекет үшін керек. Бірақ бұл арада 2 заңды сауал туады. Біз 50 шақты мемлекетпен визасыз режимге көшіп, шекарамызды ашып отырмыз.

ЕХРО көрмесіне ертең шетелдіктер келеді. Енді қараңыз, тіркеу бойынша қазақстандықтар мен шетелдіктердің құқықтары неге тең емес?

Қазақ неге жүйкесін құртып, тіркелуі керек? Ал шетелден келген біреу неге қазақтың жерінде сайран құрып, емін-еркін жүруі тиіс?

17 миллион халықты аңду үшін тағы 170 мың адам керек! Оны қайдан аламыз?

Бұл бір деңіз! Екіншіден,

Қазақстанда жемқорлықты әлі ешкім жеңген жоқ.

Ертең сол заңды пайдаланып, кез келген учаскелік полицей Сіздің есігіңізді қағып, жеке өміріңізге араласып жатса, не болады? Мысалы, Сіз азаматтық некедегі адамсыз. Қасындағы адаммен тұрақты тіркеуге тұрғыңыз келмейді. Немесе уақытша ажырасып, төркіндеп жүрген әйелдер болады. Осының бәріне неге учаскелік полиция араласуы керек? Ал арам пиғылдылар араласады, сондай азаматтардың құтын қашырып, „ақша жасамасына„ ешкім кепіл бере алмайды.

Үшіншіден, ондай күштің бәрін қайдан табамыз? 17 миллион адамды аңду үшін ең кемінде тағы 170 мың адам керек. Меніңше, қоғамдағы наразылықты ескеріп, Парламент бұл заңын кейінге шегереді, не болмаса, елде басқаша бір өзгерістер жасауы керек.

Жастар әлі пәтерден-пәтерге көшіп, тентіреп жүр

– Себеп – оның саяси астарында. Өйткені депутат – императивтік мандатта емес. Олар қабылданған заң халықтың наразылығын туғызып жатса да, өз партиясы атынан бәрібір Парламентке өтеді. Парламент ішінде министрлікті сілкілеп алатын фракциялар жоқ.

“Халықтың сенімін ақтамадыңыз, отставкаға кетіңіз” деуге шамасы жоқ. Ондай механизм де жоқ.

Меніңше, биліктің басында отырғандар Елбасының бір айтқанын тыңдайды да екіншісін тыңдамайды.

Терроризм бойынша есеп беруге Елбасының алдына барғанда: „Әрбір адамның қадамын аңду керек. 30 күннен артық тіркеуге тұрмаған адамды күдікке алыңдар„ деп айтқан шығар. Бірақ кезінде кеңейтілген бір кеңесте Елбасы: „Терроризмнің әлеуметтік себептеріне үңіліңдер. Ауылдағы жастардың жағдайын жасаңдар. Білім алуға жұмылдырыңдар. Кәсіптік білім беру тегін болсын„ деді. Соның барлығы қайда? Министрлік осы тапсырма бойынша бір есеп берді ме? Кәсіби техникалық училищелерді тегін еттік, онда пәленше қазақ жастары оқыды, олар мынадай техникалық мамандық алды деген есеп болды ма? Жоқ.

Әлеуметтің жағдайын жасаңдар деді. Қайда? Жастар әлі пәтерден-пәтерге көшіп, тентіреп жүр. Мұның барлығы әлеуметтік шиеленістің ушығуына алып келеді және жемқорлықтың жаңа тәсілдерінің пайда болуына келеді.

Халық ішінен террорист іздегенше, биліктегі арандатушыны неге таппаймыз?

–  Ашық айтуымыз керек, осы билік туралы алдымызда үлкен мәселе тұр. Оны Президенттің өзі де айтты. “2020 жылға дейін отырамын, одан кейін бұл мәселені тағы қараймыз” деді. Конституциядағы билік тармақтарының ара-қатынасын өзгертеміз. Біз түсініп отырмыз ғой, бұл болашақ биліктің конфигурациясын айқындау екенін.

Осы тыйым салу, түрмеге жауып тастау, айыппұлды өсіру тенденциясы осы билік ішіндегі белгілі бір топтың бастамасы сияқты.

Бұл – ертең белгілі бір саяси өзгерістер туындағанда көшеге шығу, алаңға шығу, өз құқығын қорғау, наразылық білдіру, баспасөз өкілдеріне, қоғам өкілдеріне тыйым салу тенденциясын осы бастан анықтап қойып жатқан сияқты. Басқа себеп көріп тұрған жоқпын.

Әлгі бап орындалса, терроризм тыйылады. Қазақстанда бірден мамыражай тірлік орнайды, террористер жүгіріп барып, ЦОН-да кезекте тұрады дегенге мен сенбеймін. Террористер ЦОН-ға бармайды, террористер ешкімнен рұқсат сұрамайды.

Террористі халықтың ішінен іздемей, билік өз арасында жүрген арандатушыларды іздесе, бұл әлдеқайда пайдалы болар ма еді?

Терроризммен күрес Президенттің ғана бастамасы емес. Сіз бен біздің де бала-шағамыз бар. Біз де бейбіт өмір сүргіміз келеді. Түсіндіру жұмысын жүргізу погон таққандардың ғана міндеті емес. Бұл – қоғамның да міндеті. Қоғам түсінуі үшін бұл іске халықты әу бастан араластырып, ел-жұрттың пікірімен санасып, оның ішіндегі елеулісін, қажеттісін қабылдау қажет.

Билік өз халқына сенбейді, одан сезіктеніп, қорқады…

– Байқайсыз ба, бізде лаңкестікпен күресте теория бөлек келе жатыр, практика тіптен бөлек. Екеуі қабысып жатқан жоқ. Теорияда тәуелсіз сарапшылар орынды ойлар айтып жатыр. Олар биліктің жақсылығын да, кемшілігін де қамтиды. Ал практикада сол айтылғандарды елеп, қолданысқа енгізіп жатқан ешкім жоқ. Бұл – үлкен концептуалдық проблема. Облыстардағы лаңкестікпен күрес орталықтары неге теракт бұрқ еткенде ғана жұмыс істейді? Алдын алу қайда? Осы келеңсіз тенденция

билік пен халықтың арасындағы алшақтықты көрсетеді. Билік өз азаматтарына сенімсіздікпен қарайды.

Халықты жақтасы ретінде шақырып, айналайын халқым, лаңкестікпен бірге күресейік деудің орнына “әй, сен ертең бірнәрсе бүлдіріп қоясың, тығылып жарылғыш зат жасап жүрген шығарсың?” деген сенімсіздік бар. Сол сенімсіздікті жоймай, ешнәрсе өзгермейді.

Көп пәтері мен екі әйелі бар депутаттар уақытша тіркелді ме екен?

Бағдарлама жүргізушісі Расул Жұмалы сөз соңында көп пәтері, бірнеше әйелі бар бар депутаттардың өзі уақытша тіркеу талабын орындайтындығына күмән келтірді.

– Ол заңды қабылдаған депутаттар. Олар Астанаға түрлі аймақтардан келді. Астанадан жаңа үй алды. Өздері сол пәтерлеріне тіркелді ме екен? Өз бастарында қанша үйі мен пәтері бар? Сол жайында біреуі ақпаратты ашып айтты ма? Ол пәтердің қаншасы заңды жолмен алынған, салығын уақытылы төлей ме? Жалға бергені туралы ақпаратты ашып айта ма? Мәселен, бәйбішесі, тоқалдары бар. Бір ай ана әйелінде, бір ай мына әйелінде тұрады. Өздері сол жүрісіне сай тіркеледі ме екен?

Егер шенеунік өзі шығарған әр заңды өз басынан өткеріп көрсе, халық арасында неге түсінбеушілік туындап жатқанын айтпай-ақ түсінер еді. Заңды орындауды төменнен емес, жоғарыдан бастап, үлгі көрсетуі керек.

Сонда ғана елімізде ешқандай әлеуметтік қайшылық болмайды. Рахмет!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз