Бірнеше шетелдік ақпарат құралдарында Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімоваға қатысты тосын ақпарат жарияланды. Онда Гүлнараның шетелдік банктерде сақталған миллиондаған долларды құрайтын қаржысын ұлы Ислам мен қызы Иманға мұраға қалдыратыны туралы жазылған өсиет хаты табылғаны айтылады.
Бұл туралы Zamana.kz хабарлады.
Өзбекстанда Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс 2013-жылы қозғалғаны белгілі. Оған Қылмыстық Кодекстің «салықтан жалтару», «салыққа тиесілі құжаттарды жою», «қылмыстық топ құру», «алаяқтық жасау», «нысандарды заңсыз иемдену» және тағы басқа баптары бойынша күдік келтірілген еді.
Алғашында «үй қамағына» алынған ол кейін, 2015-жылы Қылмыстық Кодекстің екі бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Одан бері Гүлнараның «қайтыс болғаны» туралы бірнеше мәрте алыпқашпа сөздер таралғаны белгілі. Бүгінде тек кейбір ақпарат көздерінің таратқан рас-өтірігі белгісіз деректері болмаса, жалпы, оның қай түрмеде отырғаны, жағдайының қалай екені туралы еш жерде айтылмайды.
Ал шет елдерде Гүлнара Кәрімоваға қатысы бар қылмыстық істер әлі де қаралуда. Соның бірі Швецияда жүріп жатыр. Бұл елдің телекоммуникация саласындағы бірнеше компанияларының бұрынғы басшылары сотта сұралуда.
Оларға Өзбекстан нарығына кіру үшін Г.Кәрімоваға 400 миллион доллар көлемінде пара берген деген айып тағылған. Осындай сот отырыстарының бірі таяуда Стокгольмде болып өтті.
Міне, осы процесс кезінде швециялық прокурор сотқа бірнеше құжаттардың көшірмесін табыс етіпті. Олардың ішінде Гүлнараның бар мүлкін ұлы мен қызына қалдыратыны туралы жазған өсиет хатының көшірмесі де бар екен. (Әрине, алдағы уақытта оның нақтылығын дәлелдеу де керек екені белгілі).
Швед прокурорының аталған сотта кезінде Г.Кәрімовамен бірге болған Гаянэ Авакян, Рустам Мадумаров және Марина Клюевалардың атына тіркелген офшорлық компаниялар мен оларға тиесілі активтердің шын мәніндегі иегері Гүлнараның өзі екенін дәлелдейтін деректер келтіргені туралы айтылады. Мұны Швейцарияның, Швецияның, Нидерланды мен АҚШ-тың тиісті орындары анықтаған көрінеді. Аталған үш адамның өз аттарына тіркелген осы мүліктерді 2004-жылы Г.Кәрімованың атына аударғандарын растайтын құжаттар бар екен.
Қысқасы, Гүлнара өзінің бар мүлкін басына бұлт үйірілмей тұрғанда-ақ ұлы мен қызына мұраға қалдыратыны туралы өсиет хат рәсімдетіп қойғанға ұқсайды.
Ал Гүлнараның ұлы Исламның жасы биыл 26-да, ол Ұлыбританияда тұрып жатыр. Қарындасы Иманға (қазір 20 жаста) бір кездері Өзбекстаннан шетелге шығуға тыйым салынғаны туралы жазылған болатын. Яғни ол анасымен кездесуге барғанда Өзбекстанда қалды деп айтылған. Ал кейбір деректерге қарағанда, бүгінде ол да Ұлыбританияда тұрып жатқан көрінеді.