Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Голливудтың бір фильмін дубляждау қанша тұрады

200

«Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясында бір туындыны дубляждауға қанша қаражат кететінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орта есеппен бір фильмді дубляждауға 100-150 мың АҚШ доллары кетеді.

Дубляж деген актерлерді іріктеп алып, дыбыс жаза салумен шектелмейді. Бірнеше кезеңнен тұратын кешенді шаруа атқарамыз. Ақшаны біз дубляжға ғана жұмсамаймыз. Аударылған фильмді көпшілікке жеткізу үшін жарнамалап, кинотеатрларға шығамыз. Ең бірінші Disney компаниясының ғаламдық офисінен келісім алу керек. Одан кейін шығармашылық және техникалық команда жасақтаймыз. Бір ғана фильмге 60-70 адам тартылады.

Кастингтен өткен негізгі дауыстарды тағы да Disney мақұлдауы керек.

Анжелина Джоли, Уилл Смит сияқты әлемдік актерлер өз дауысын дубляждайтын адамды өздері таңдайды. Ең қызығы, сол таңдап алған дауыс қана 8 жыл бойы аталмыш актерді дубляждай алады», – дейді Динара Шайжүнісова.

Жоба жетекшісі дубляж шығындарының негізгі бөлігі қандай жұмыстарға кететінін де айтты.

«Кастинг өткізіліп, негізгі дубляждаушылар бекітілгеннен кейін  қосымша рөлдерге көшеміз. Бүкіл мәтінді ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударатынымызды айта кету керек. Ол аударманы баланың танымына бейімдеу деген тағы бір жұмыс бар. Онсыз дубляж тартымсыз болады. Барлық дыбыс жолдары жазылып болғаннан кейін тағы да Disney-дің мақұлдауына жібереміз.

Фильмнің ақтық сынағы Лондонда өтеді.

Осы себептен де дубляж жобалары қымбатқа түседі. Бұл – Disney компаниясының барлық елдерге қойған ортақ талабы. Үндістан болса да, Жапония болса да осылай. Ақтық көрсетілім Лондондағы студияда өту керек. Одан кейінгі шығынның елеулі бөлігі фильмді алға жылжытуға кетеді. Ал уақыт жағынан келер болсақ, фильм мәтінін аударып, дубляждауға 1-2 ай кетуі мүмкін. Ал толық процесс жарты жылдан 8 айға дейін созылады», – дейді Динара Шайжүнісова.

«Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісованың айтуынша, «Ойыншықтар хикаясы-4» туындысын дубляждау үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 50-ден астам актер кастигтен өткен. Ал фильм барысында ойналатын саундтректердің барлығын әнші Данияр Өтеген орындап шыққан.

«Ойыншықтар хикаясы-4» туындысын қазақша саундтрекпен әрлеген Данияр Өтеген

Walt Disney Pictures студиясының дауыс базасына 100-ден астам қазақстандық актер енгенін айтты.

«Бұл отандық актерлердің мүмкіндігін кеңейтеді. Дауыстар базасында біздің актерлердің болуы фильмдерді дубляждау жұмысын жеделдететін болады. Сондықтан бұл істі болашақтың қамына жасалған шаруа деп айтуға болады», дейді әнші.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз