Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Еу, қазақ, қайда барасың?

452

Біраз жыл бұрын белгілі спорт журналисі Амангелді Сейітхан бір сұхбатында қазақы қоғамның ауру жайлай бастаған тамырын дөп басып, былай деген:

«Біз түсінбейтін ой-шұңғылдар көп, мынау жалғанда. Біреу елдің мұңын арқалайтын секілді. Тірлігіне үңілсек, тірелер негіз таппайсың, енді біреу қарадай қасқыр соғады. Ісінде береке болмайды, бірақ мерекеде солар төрде.

Нағыз қазақ іздейсің, соларды көргің келеді. Олар кімдер? Қай қиырда жүреді?

Бала кезде тойға барушы едік. Үлкендер ән салатын. Суырып салып айтады. Тойдың ажарын солар ашатын, көркін солар келтіретін. Өлеңмен жұмбақ жасырады. Оны екіншілері шешеді. Жұмбақ болғанда қандай, кейде діни жұмбақтар. Өмір мен өлімді қамтитын жұмбақтар. Қисса айтады, дастаннан үзінді келтіреді, сондай тойларды көрдік. Қазір ғой, «Қызыл өрікке» билейтін қазақ өсіп-жетілді. Шалдары сериал көреді. Бәйбішелері де телевизор маңында. Біреулер дүниежүзі бойынша зерттеу жүргізіпті. Мақсаты – телевизор алдында ең көп отыратын мемлекетті анықтау. Қазақстан талайдың алдында түсіпті, топ бастаушылар қатарында. Жақсы ма сол? Іскерлік пе? Не көріп отыр? Сериал. Олар да сағызша созылады екен. Бірі бітеді, екіншісі басталады. Анау арнадан мына арнаға «секіріп» жүрген аға-жеңгелер мал бағуға құлықсыз. Сиыр сауатындар сиреп барады. Айран ұйытып, қымыз сапыратындар қайда? Ірімшік қайнатып, тары түйетіндер ше? Ауыл-ауылдарда бар шығар, бірақ тым аз.

Көрпе көктеп, текемет басатындар көп еді. Оларды да көрмейсің қазір.

Дамығанымыз соншалықты, шілтер тігіп, кесте ұстайтындарды да ұмытып барамыз.

2006 жылы жол түсіп, Жазғы Азия ойындарына Катарға барып едік. Доха қаласының ортасында алып дүкен бар екен. Кірген бетте жарнамаға көзіміз түсті. «Қазақ карпет» деген жазу. Карпет – кілем. Хасен екеуміз әлгі әдріске ұмтылдық. Тез таптық. Непалдық азамат екен сатушы. Бірақ қожайыны басқа. Айтпай қойды. Бұйымдарына ынтығып, қарадық. Кешенің көзін көргендей әсер алдық. Төл тарихымыз тұнып тұрды. Тұнық суға шелек малғандай күй кештік. Кәдімгі қошқар мүйіз оюларды көрдік. Қазақ кілемдері. Өрнегі таныс. Баяғы бала кезде көргенбіз. Әжелерге жасау ретінде келген. Непалдық сатушыдан сұрап жатырмыз. Тіл жеткенше. «Қазақ деген жұрт бар. Солардың қолынан шыққан кілемдер». Тіпті өрнегін әңгімелеп кетті. Бағасы удай екен. Екі метрліктердің өзі екі мың доллар. «Қымбат екен», – деп қалдық.

«Әрине, қымбат. Бұл қазақ аталатын ұлттың туындысы. Өздері ісмер халық. Кез келген дүниесі баға жетпес мұра. Қайта біз арзан сатып жатырмыз».

Ал, өл! Өлтірді непал азаматы. Қазаққа қазақты таныстырып тұр!

«Қазақ едік», – дей алмадық.

Кілемді анау секілді әспеттеп айта алмас едік. Өрнектің түрін тап баса аламыз ба, сырын білеміз бе?

Ертегі естіп өстік біз. Қазір спанч бобтың белең алған кезі.

Қыдырмолда Әділбековті көрдік. «Қабанбай» жырын жатқа айтады. Шамамен бес жастамыз. Қызық еді, соларды тыңдау. Қазір ондай қарттарды таба алмайсың. Әсетті айтады, оның әндерін шырқайды. Ауған ақын өтіпті. «Қызыл тұсақ» деген әні болған. Әзіл ән. Қойын қасқыр тартып кеткен, соған ыза болып шығарған. Есте қалған тұсы, «қой жайдым үш бұлақтың сағасында, белгілі бөлек адыр даласында, қойымды кенет қасқыр қуып кетті, екінті мен ақшамның арасында. Қасеке, қой алмай-ақ ешкі ал дедім. Ешкі алсаң бүрсігүні кешке ал дедім», осылай кете барады.

Бүгінгі буын біртүрлі. Тегіне үңілмейді, кешегісіне қызықпайды. Болашақтан дәмелі. Ақсақалын көріп жүрміз.

Әңгімелері әсерлі емес. Тіпті жем-шөптің жайын, малдың мәселесін де жетістіріп айта алмайды. Саясатты соғады. Сөздері солғын, мәні кем. Іштерінен кіжінеді, кісі түсінбейтін қыжыл. Биліктегілерді сырттай сынаса соған мәз. Біреудің үйін су алады дейік. Сол кезде өршіп кетеді, әлгілер. Әйтеуір бір жаттаурын. Үкіметті сынап, сыбап алады. Қызығы осы. Сериалды айтады. Ермегі сол. Абызым қайда, соларды іздеймін…».

Беу, Қазақтың баласы, бұған не дейсіз?

Ақбота Дастан

Көрнекі фото: instagram.com
https://kaz.365info.kz/orystyn-khatyny-meni-khalaj-zorlady-294902

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз