Қуат Хамитов ұлт мақтанышы, кәсіби бокс шебері Геннадий Головкин туралы, оның соңғы жекпе-жегіне қатысты көзқарасымен бөлісті. Бұдан бөлек ол өзінің неге осы күнге дейін үйленбей жүргенінің себебін түсіндірді.
Ол бұл турасында kaz.365info.kz сайтына берген сұқбатында айтты. Оның пікірінше, Гена өзіне үнемі осал қарсылас таңдап алады.
– Гена шаршы алаңға шыққанда оның жеңетінін мен түгілі, спорттан хабары жоқ қарапайым адамдар да біліп отырады. Өйткені белгілі ғой, қарсыласы осал. Бұл кино көріп отырған секілді, басты қаһарманы өлмейтінін білесіз, өлсе кино бітіп қалады ғой. Сол секілді елдің бәрі Генаның жеңетінін біліп отырады, тек нешінші раундта аяқталады, соны болжау ғана көрермен еншісінде болады.
Иә, соңғысында оған лайық қарсылас тап келді. Негізі, екеуі тең түсті. Тіпті, жеңісті Джейкобсқа бере салу керек еді. Сөйтіп, ЕХРО-да есесін қайтарып, өз-өзін дәлелдесе, бұл нағыз жігітке лайық дүние болар ма еді, қалай?..
Мен өзім де сол Джейкобс секілді болдым ғой.
Ресейге барып, Магоммедпен төбелескенде 5-раундқа дейін жеңіп келе жаттым. Ары қарай, ұпайлар ойнады. Ресейліктердің өзі „Қуат негізі сен жеңдің„ деп мойындап жатты. Бірақ ойын Ресейде болып жатқандықтан жеңісті қарсыласым алып кетті. Мен бұл кездесу үшін еш өкінбеймін. 5-6 осал қарсыласпен жекпе-жекке шығып, жеңгеннен гөрі, өзіне лайық қарсыласпен бір рет шығып, жеңілгенін жақсы емес пе?.. Геннадиге де сөйту керек пе еді, қалай?..
https://kaz.365info.kz/khuat-najman-gena-sagan-bokstan-ketu-kerek-254948
Қазақтың көп қызы арман ететін жігіттің бірі — Қуат Хамитовтай болсын. Түр десе түрі, рух десе рухы бар. Бастысы — адамшылық пен әділдікті ту еткен спортшы жігіт ағасы бүкіл ғұмырында шын қорған болып, сатып кетпейтін ер-азаматты іздейтін кез келген нәзік жанды үшін арман. Бірақ жасы 29-ға келсе де бұл жігітіміз бүгіндері әлі бойдақ екен.
Өз сұқбатында ол:
„Дәл қазір, міне үйленем деп жүрген қызым да жоқ„ деп кесіп айтты.
– … Жарты жыл болды. Тайландта, Қытайда, басқа да шетелдерде болдық, үнемі жаттығу үстінде болдым.
Менің менеджерім немесе қолдап жүрген бір адамдарым жоқ, барлығын өзім істеймін. Сондықтан отбасын құруға, оны ойластыруға уақытым болмай жүр.
Иә, міне, үйленем деген қызым бар деп те кесіп айта алмаймын, – дейді ол.
https://kaz.365info.kz/najman-degen-la-ap-atpen-tanymal-uat-hamitov-n-saldy-video-241842
Алайда Қуат Найман отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болудан аса ниетті. Сондықтан қазір өзіне лайықты жар іздеу жолында екенін айтады.
– Менің 11-сыныпқа дейін бойым кішкентай болса керек. 1 метр 65 сантиметр ме екен? Өзім де физикалық тұрғыда әлжуаз болған секілдімін. Дене шынықтыру сабағы кезінде де қатарға тұрғызғанда соңында тұратынмын. Сонда:
„Бойым неге кішкентай, күшім неге аз, неге бұлай туғансыңдар„ деп жылайды екем.
Осы сөзім әкеме қатты өтіп кетсе керек, ол кісі:
„Үйленемін деп үйге кішкентай қыз алып келсең, сол қызбен қосып өзіңді қуып шығам„
деп айтатын.
Сондықтан әкемнің әрі өзімнің көңілімнен шығуы үшін бойшаң, денсаулығы мықты, спортқа икемі бар қыз іздеп жүрмін.
Әкем тығыршықтай әйелден денсаулығы мықты, жақсы бала туады деп айтушы еді. Әрине, ақылды, білімді болса деймін.
Мен өзім 9-сыныпқа дейін сабақты жақсы оқыдым. Одан соң спортқа ден қойғандықтан сабақ жайына қалды. Әрине, балаңның білімді болғаны жақсы ғой. Сондықтан қосағымның білімі болғанын қалар едім. Мен баламды спорт жағынан тәрбиелесем, анасы білімін қадағалауы тиіс деп есептеймін, – дейді болашақ жарына қойылатын талаптар турасында ережесіз жекпе-жек шебері.
Ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовты көпшілік елімізде уақытша тіркеу процесі кезінде айтқан қатты мәлімдемесімен де жақсы таниды. Сол бір аласапыран кезде ол: „Маған уақытша тіркеуге тұр деп келсе, мен оны сол арада „жерлеп„ тастаймын„ деп, қараптан қарап, әбігерге түскен халықты бір желпінтіп тастап еді. Ойын ашық әрі халықтың сөзін сөйлейтін адамдар саясатта аз. Сондықтан қалың бұқара ондай жігіттер табылып жатса, саясаттан көргісі келеді, әрине.
Алайда Қуат Хамитов саясатқа араласу ойында жоқ екенін айтады. Тек қазақтардың қиналғаны жаныма батып кетеді дейді.
– Әділетсіздікті жаным жек көреді. Сондай кезде айтып-айтып салатын әдетім бар.
Рас, қой. Ата-бабамыз сонша тер төгіп, қан төгіп мұраға тастап кеткен осындай кең-байтақ жерде 7-8 миллион ғана таза қазақ неге алшаң басып, көсіліп өмір сүре алмаймыз? Азғантай қазақ неге қиналады? Неге баспанасыз, жұмыссыз жүреді? Ауылды өстік қой, көріп келеміз, жағдай мәз емес. Осының бәрі жаныма батады…
Айта кетелік, Қуат Найманның осы сұқбаты ВК-дағы „Атамның басы„ тобында қызу талқыланып жатыр.
Қуат Найман өнердегі бауырлары туралы ойымен де бөлісті.
– Спорт деген шоу-бизнес сияқты.
Жеңіп жүргенде, шулатып жатқанда барлығы сен туралы айтады, барлық жерде құрметтісің. Ал 1-2 жылға тынышталып, жоқ боп кетсең, сен сияқты адам болмағандай, бәрі ұмытып кетеді.
Сол секілді шоу-бизнесіңіз де. Кезінде Қайраттың аты дүрілдеді. Оны халқы жақсы көреді, әрбір ауыл асыға күтіп, сыйлап-құрметтейді. Өз тыңдаушылары, жанкүйерлері бар. Қалыптасқан әнші, қазір ол концерттерін саябырсыта бастады. Ал Димаш бауырымыз қазір дүрілдетіп жатыр. Қытайда жұлдызы жарқ етті. Бүкіл әлем оны күтіп отыр. Бірақ танымалдылықты да ұстап тұру өнер.
Талмас еңбек, қажымас қайрат керек. Үздіксіз еңбектенуің тиіс. Бүгін оған шамаң жеткенмен, ертең қандай боласың? Оны білмейсің ғой. Сондықтан бұл енді Димаштың өзіне байланысты.
https://kaz.365info.kz/sozine-zhauap-ber-pankrationnan-alem-chempiony-khuat-najmandy-zhekpe-zhekke-shakhyrdy-255038
Жалпы, Қайрат пен Димашты салыстыруға болмайды, оған мен келіспеймін. Әрине, екі бөлек әнші, деңгейлері де екі бөлек шығар. Бірақ ол маңызды емес, бастысы халқы екеуін де сүйіп тыңдайды.
Екеуі де алтын сақадай қазақтың мықты балалары. Екеуін бөліп-жармай, екеуімен де мақтанып, екеуінің өнерінен де бірдей ләззат алуға неге болмайды? Соны мен түсінбеймін, – дейді ол.
https://kaz.365info.kz/khazakhtyn-khinalgany-zhanyma-batady-khuat-najman-hamitov-266459