Қазақстандағы еркін күрестегі былықтың беті ашылып қалды. Ішкі турнирлерде бір-бірімен күрескенде, үнемі жеңіп жүрген емес, жеңіліп қалатын спортшы Рио олимпиадасына жолдама алған. Бұл жаңалық кәсіби спортшы түгілі, қарапайым жанкүйердің жағасын ұстатып отыр.
Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, еркін күрестің хас шебері Ислам Байрамуков “Караван” басылымына берген сұхбатында Рио олимпиадасына Аслан Кахидзені қатарынан үш жыл бойы жеңіп келген Әділет Давлунбаев емес, одан үнемі жеңіліп келген қарсыласы баратынын айтып, ашынған.
Осындай ақылға қонбайтын, сенсациялық шешімді қабылдаған бюро құрамында бір де бір балуан да болмапты.
Ал ел құрамасының бас бапкері, екі дүркін олимпиада чемпионы, ресейлік Сергей Белоглазов бюроның осындай қисынсыз шешімімен оп-оңай келісе салған.
Әділет Давлунбаев Жамбыл облысындағы Ислам Байрамуков атындағы спорт мектебінің түлегі.
– Мен Әділет үшін қатты уайымдаймын. Мәселе, Әділеттің менің мектебімнің шәкірті болғанында емес.
Бұл – біздің еркін күрестегі үздік палуандарды анықтау ісінде әділетті жүйенің қалыптаспағанының көрсеткіші.
Мысалы, дзюдошыларды әлемдік рейтингтегі дәрежесіне қарап бағалайды.
“Классик” балуандарда да солай: Кебіспев, Қартықов, Тынәлиевтің мықтылығымен ешкім дауласпайды. Ал бізде басқаша. Бір жыл бұрын Давлунбаев Махачкаладан жүлде алған жалғыз қазақстандық болды. Ал ол жақта өте мықты дағыстандық, осетин палуандар бар.
Кахидзе, Давлунбаев, Дәулетбековтер бір топта болды. Бірақ, олардың ішінен тек Әділет жүлде алды. Бір айдан соң, ол Асланды Астанада тағы жеңіп кетті. Онда да кездесудің болуын мен талап еттім. Сол кезде Әділет әлем чемпионатына барғалы жатқан Кахидзені 10:0 есебімен тізе бүктірді, – дейді Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері.
Ал құраманың бас бапкері Белоглазов, Әділетке олимпиада ойындарына бару мәселесі оның Кахидземен жеке белдесуі нәтижесі бойынша шешілетінін айтқанымен, артынан сөзінен тайып кетіпті.
“Бізге лицензиялық турнирде Кахидзенің күресетінін хабарлады. Менің ол жігіт пен бапкеріне қояр кінәм жоқ, бірақ, бұл қызық шешім болды. Белоглазов болса, мұндай қадамға бір ғана себеппен барғанын айтты:
– екі палуанды да тексеріп көреміз және лицензия иелену ешкімге басымдық бермейді.
Бұрынғы палуан ретінде менің түсінгенім, көшбасшы спортшы кенет жарақат алып қалса, оны ауыстыру керек болады ғой. Сондықтан бұл шешімді „қанша дегенмен бәске ел намысы тұр ғой„ деп, түсіністікпен қабылдағанбыз. Ал жуырда ғана Олимпиадада Кахидзе күреседі дегенді естідім”, – дейді Байрамуков.
Бір қызығы, осындай қисынсыз шешім қабылдаған комиссия құрамына еліміздегі саусақпен санарлықтай, еркін күрестен олимпиада жүлдегерлері кірмеген. Ал Ислам болса, осындай маңызды шешімді неліктен күрестен хабары жоқ адамдардың қабылдайтындығын түсіне алар емес.
– Егер бір салмақта екі мықты болса, онда оларды өзара күрестіріп, қай жеңгенін олимпиадаға жіберу керек. Басқаша ешқандай жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Дортмундта, мысалы, Кахидзе мен Әділет күресіп, Әділет 6:2 есебімен жеңіп кетті. Естуім бойынша, біздің федерация Германияға хабарласып, осы екі спортшының бір-біріне түсіп қалмауын сұрап өтініш білдіріпті, – дейді палуан.
Жалпы, Әділет Кахидзенің жауырынын үш рет жер иіскеткен (16:4, 10:0, 6:2). Бірақ, неге екені белгісіз, бас бапкер бәрібір Кахидзені таңдап отыр.
Бұл үздік спортшыны анықтау жөніндегі комиссия жұмысындағы былық па, әлде қазақ спортына қасақана жасалып отырған қиянат па?!„