2017 жылғы 24 наурызда Ереван қаласында Арно Бабаджанян атындағы мемлекеттік филармонияда «Наурыз мейрамы» атты қазақ фольклорлық және классикалық музыкасының концерті өтті.
Іс-шараны Армениядағы Қазақстан және Түрікменстан елшіліктерінің өкілдері ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Концерттік бағдарламаға арнайы Алматы және Қостанай қалаларынан келген көркемөнерпаздар ұйымының мүшелері қатысты.
Мәселен, Алматы қаласының №18 мектебінің оқушысы Ашот Мхитарян «Ортеке», «Саранжап», «Балбырауын», «Әлқисса», «Әке толғауы» және «Секіртпе» сияқты қазақ күйлерін домбрада орындады. Сондай-ақ, концерттік бағдарламада «Мен қазақтың қызымын» атты әнімен «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының редакторы Гаяне Мартиросян, «Көзімнің қарасы» әнімен Дилижан қаласының Біріккен әлем колледжінің оқушысы Арнұр Сабет және Ғазиза Жұбанова мен Арно Бабджанянның музыкалық шығармаларды орындауымен П. Чайковский атындағы музыкалық мектептің қазақстандық оқушысы өнер көрсетті.
Концерттен кейін іс-шараның қонақтары наурыз-көженің дәмін татып, Қазақстан мен Түркменстанның дәстүрлі ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, қазақтың киіз үй ішіндегі бұйымдарын тамашалады.