Индустрия және құрылыс министрлігі «Ашық НҚА» порталында бұрын сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігін қарастыратын үкімет қаулысының жобасын жариялады.
Қазіргі уақытта сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге болмайды. Қаулы күшіне енетін болса, жалдамалы пәтерлерде тұратын азаматтар пәтірлерді қалдық құны бойынша сатып ала алатын болады. Мысалы, егер 2019 жылы пәтер 8 миллион теңгеге бағаланса, бес жылдан кейін оны сатып алу құны 7,2 миллион теңге болуы мүмкін. Бөліп төлеу бойынша бастапқы жарнаны баспана құнының 30 пайызынан 10 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Құны 15 миллион теңгеден асатын тұрғын үй үшін бөліп төлеу мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейін артады.
Енді тұрғын үйдің 50%-ына иелік ететін адамдарға басқа баспана алу құқығы беріледі. Ұсынылып отырған өзгерістер халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Қалдық құны бойынша тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі, икемді бөліп төлеу шарттары және жекешелендіруге кедергілерді жою жеке тұрғын үйге иелік ету құқығын арттырады.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін баспананың құны әртүрлі. Мысалы, Астанада 2021 жылы салынған 3 бөлмелі пәтер 28,8 миллион теңгеге бағаланса, Қостанайдағы осындай тұрғын үй (2023 жылы салынған) шамамен 23,3 миллион теңге тұрады.