Лаңкестердің қырғынынан кейін Мәжіліс дереу бастан-аяқ өзгертілген терроризм туралы жаңа заңды қабылдады. Атышулы құжат тек бірінші оқылымда бекітілгендіктен, екінші оқылымға дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның шикілігін түзетіп қайта депутаттардың қарауына әкелуі тиіс.
Десек те, бүгін бірінші оқылымда бекітілген заң күш құрылымдарына шексіз билік беріп отыр. Енді арнайы қызмет террористермен атыс кезінде байланыс операторларының келісімінсіз-ақ , ұялы телефон желісін бірден өшіруге рұқсат алды. Сонымен қатар сотталған лаңкестердің барлық дүние-мүлкін тәркілеп, қару-жарақ саудасы мен күмәнді діни бірлестіктердің жұмысын қатаң бақыламақ.
Себебі Ішкі Істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс орталығына келіп, пәтер жалдауға қалай тыйым саларын білмей бастары қатып жатыр.
Осындай жалдамалы баспанаға Ақтөбе мен Алматыда террористер кіріп кетіп, жазда сойқан салғаны есте. Енді үйін жалға берушілермен қатар тіркеуге тұрмағандар жаппай жазаланады. Айыппұл көлемі де заңда анық жазылмақ.
Марат Қалқабаев,Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
– Адам көшіп барса басқа жерге 10 күннің ішінде тіркелуі керек. Біз күшейтіп жауапкершілікті көтеріп жатырмыз. Тіркелмесе алдымен ескерту, кейін айыппұл салынады.