Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде “RESMIHAT.KZ” онлайн-порталы мен “Qazaq Latyn Keyboard” пернетақтасының тұсауы кесілді.
Бұл туралы Sputnik.kz хабарлады.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында әзірленген қазақша “Qazaq Latyn Keyboard” пернетақтасын таныстырды.
Баспасөз мәслихатында таныстырылған екінші жоба – “RESMIHAT.KZ онлайн-порталы.
“Порталды бүгін іске қосып отырмыз. Интернет ресурсты іске қосу үшін отандық лингвистер, ғалымдар, бағдарламашылар біраз тер төкті. Бұл порталдан кез келген адам іс қағаздарын қазақ тілінде әзірлеуді үйренеді. Порталды жасау үшін бір жарым жыл уақыт кетті. Себебі, ең әуелі оған жүктелетін қажетті материалдарды дайындап алу қажет болды. Біз президент әкімшілігіне, түрлі министрліктерге, ұлттық компанияларға ресми хат жолдадық, олардан қазақ және орыс тілдерінде материалдар сұрадық. Өкінішке қарай, ешкім берген жоқ. Сөйтіп өз күшімізбен күні-түні отырып, кітаптардан көшіріп, жазып шықтық”, — деді Шәуеев.
“RESMIHAT.KZ” онлайн-порталын әзірлеуге “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау көрсеткен.
“Порталды әзірлеуге 6 миллион 200 мың теңге жұмсалды”, — деді қордың ресми өкілі, басқарушы директоры Лима Диас.
“RESMIHAT.KZ” ақпараттық-анықтамалық порталының мақсаты – мемлекеттік басқару, әкімшілік-аумақтық басқару жүйелері мен қоғамның түрлі қызмет салаларындағы мамандарды іс-қағаздарын қазақ тілінде әзірлеуге үйрету-дағдыландыру.