Елімізде арнайы тексеру шарасы өткізілген 5 күн ішінде баласына немқұрайлы қараған 900-ден аса ересек адам анықталып, әкімшілік жауапкершілік тартылды.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл 16 және 20 қырқүйек аралығында ішкі істер органдары құқық бұзушылықтын алдын алу жұмыстарын жандандыру бағытында республика аумағында «Балалар түнгі қалада» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Осы ретте кәмелетке толмағандар қылмыстарының алдын алу, оларды құқық бұзушылықтар немесе басқа да қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тартатын адамдарды анықтау бойынша шаралар қамтылды.
«Іс-шара өткізілген бес күн аралығында 900-ден астам ересек адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін 465 адам, түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды ойын-сауық мекемелеріне заңды өкілдерсіз жібергені үшін 77 адам, 18 жасқа толмаған адамдарға темекiнi сату фактісі бойынша – 99, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін 125 адамға әкімшілік жауапкершілік шарасы қолданылды»,-деп атап өтілген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.