Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Елімізде агромерацияға айналғалы отырған аймақтар қарқынды даму үстінде

144

Бұл туралы Айқын газеті жазады.

Өткен жылдары Қазақстанда өңірлерді әлеуметтік-экономи­калық дамыту деңгейін теңес­тіруге бағытталған өңірлік саясаттың екі Тұжырымдамасы іске асырылды. Бұдан басқа, ауылдық аумақтарды дамытудың 2004 – 2010 жылдарға арналған, шағын қалаларды дамытудың 2004 – 2006 жылдарға арналған, Елді аумақтық дамытудың 2015 жылға дейінгі бағдарламалары іске асырылды. Сондай-ақ қазіргі уақытта бірқатар бағдарламалық құжаттар қолданыста. Атап айтар болсақ, өңірлік дамудың жекеле­ген аспектілерін қозғайтын әлеу­меттік, индустриялық-иннова­циялық, агроөнеркәсіптік дамыту және басқа да салалардағы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бар. Айта кетер бір жайт, халықтың қалаға келуі қазір Қазақстанда да қарқын алды.
Расында да әлемнің көптеген елдерінде заманауи қоныстан­дырудың басты өлшемі жедел дамып келе жатқан қалаға халық­тың жиі шоғырлануы болып отыр. Бұл өркениетті мемлекеттерге ғана емес, дамушы елдерге де тән. Сондықтан уақыт өте келе тұр­ғындардың басым көпшілігі қалалық агломерацияларға тұруға ұмтылады. Бұл түсінікті де. Озық өркениет әлеуметтің әлеуетін көтереді. Мысалы, дамыған АҚШ-тың өзінде бүкіл халықтың 76 пайыздан астамы агломера­цияларда тұрып жатыр, олардың ең ірісі Нью-Йоркте (23,3 млн адам) және Лос-Анджелес (18,6 млн адам) агломерациялары. Ал Еуропада әлемдік деңгейдегі агломерациялар Лондон (13,4 млн адам) және Париж (12 миллион­нан астам ) агломерациялары.
Қытайда – Шанхай (18,6 млн адам), Бразилияда – Рио-де-Жанейро (12,1 млн адам), Аргентинада – Буэнос-Айрес (14,6 млн адам), Үндістанда – Колката 15,6 млн адам) және басқа да дамушы елдерде осындай аумақтар жылдам қарқынмен қалыптасып жатыр.
Ал бұл мәселе Қазақстанда қалай? Қазіргі уақытта Қазақ­станда орталықтары Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары болатын агломера­циялар «бірінші деңгейдегі» қалалар болып отыр. Қалыптасып келе жатқан қалалық агломера­циялар елдің барлық халқының үштен бір бөлігінен астамын шоғырландырады.
Олардың ішінде неғұрлым ауқымдысы (халық санын және қала маңымен бірге орталық қаланы қамтитын агломерациялар құрылымының күрделілігін ескере отырып) Алматы мен Шым­кент айналасында дамып келеді.
Президент Нұрсұлтан Назар­баев Оңтүстік Қазақстанға келген бір сапарында «Шымкент елі­міздің оңтүстігіндегі жаңа әлеу­меттік-экономикалық орталы­ғының бірі болуға қабілетті» деп атап көрсеткені белгілі.
Расында да Шымкентті рес­публика бойынша үшінші мега­полиске айналдыру міндеті аймақ басшысы мен қала әкімшілігінің күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда шырайлы Шымқаланың әлеуметтік-эконо­микалық даму тұжырым­дамасы бекітілді. Ра­сында да Шымқаланы болашақ­тың шаһары деп атауға болады.
Президент облыстың зиялы қауымы мен ұлттық мәдени орта­лық өкілдерімен бір кездескенде, «Елордамен бірге біз республи­каның өзге қалаларын да дамы­туымыз керек. Ірі қалаларда ғана ғылым мен техниканы, мәде­ниетті дамыта аламыз. Осы ба­ғытта Шымкент инновация мен индустрия мамандары мекен­дейтін орталыққа, мәдениет жақсы дамыған қалаға айналуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін көп жұмыс атқарылды. Оңтүстікте өндіріс те, халықтың тұрмысы да, жастардың білім деңгейі де өсіп келе жатыр. Шымкент қаласын­дағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысын үнемі бақылауда ұстап келемін. Енді мұнда зәулім салтанат сарайы мен кітапхана ашылып, әкімдіктің жаңа ғимараты салынып отыр. Мұражайлар мен өзге де мәдени нысандардың құрылысы жүргі­зілді. Осының барлығы халықтың игілігі үшін жасалған жұмыстар», деп атап көрсетті.
Шымкент – шын мәнінде ғажайыптар қаласы. Халқының санының өсімталдығы мен қазақ ұлтының демографиялық өсуіне орасан зор үлес қосты. Өңірде көрікті жерлер көп. Мұнда бір күнде көріп үлгеруге болатын қызық пен танымдық нәрселердің көптігі сонша, сіз айрықша әсерге бөленесіз. Бір күн ішінде өлкенің тарихын зерттеуге, қажылық орындарына баруға, тау шыңына шығуға және ішінде таңғаларлық ағаштар өсетін үңгірді де көруге болады. Мұның барлығын да бір күн ішінде шаршамай, шалдықпай аралап, көріп шығу қиын емес. Ал бір ай қалсаңыз, тау шаңғылары, скитур, жаяу жорықтар, ватруш­калармен сырғанау, атпен се­руендеу, қымызбен емделіп, форель аулап, Сақ моншасына баруға болады.
Мұнда таңғалатын жайттар баршылық. Ақпан айында Шым­кентте жаттығу үшін велошабан­доздар жиналып, Оңтүстік өңірдің көрікті жерлеріне арналған велошеру ұйымдасты­рылса, оған таңғалудың қажеті жоқ. Ақпанда мұнда арқыраған боран жоқ. Қыстың соңғы айы болса да, ауа райы жылы.
Қала сәулетін қалпына келтіру мақсатында көшелерге орналас­тырылған ұлттық нақыштағы сәндік өнер туындылары әрқашан да шаһардың шырайын келтіріп тұр. Көктемде Қошқар ата өзені­нің бастауында өтетін қошқарлар мен қой көтеруден жарыс та келушілердің көңілін көтереді. Сейіл Қошқар ата мейрамына халық таяу маңдағы барлық өңірден келеді. Үздік фермерлерге сый беріледі. Салмағы 85 келі тартатын қошқарларды көтеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Ердің ері, мықтының мықтысы ғана жеңімпаз атанады. Қошқарды ең көп көтерген жігіттер де сыйсыз қалмайды. 2016 жылы қайтадан жанданған қошқар көтеру жарысы қазақта мойынды да, білекті, күшті әрі мәрт жігіттердің әлі де көп екенін айғақтайды. Қысқасы, Сейіл Қошқар ата мейрамын жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Мейрам аясында ұлттық бұ­йымдар және жәдігерлер көр­мелері, концерттік бағдарлама, ұлттық спорт ойындары өтеді. Оңтүстік өңір тарихи ескерткіш­терге бай. Сондықтан Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран секілді қалаларға бару ыңғайлы.
Қалада тынығу қауымдас­тықтары көп. Мұнда альпинист те, балықшы да, шаңғышы да, бард та, рокер де, рафтер де, джазмен де бар. Шымкенттіктер авторлық әндер мен жанды музыканы сүйіп тыңдайды. Жан­ды музыкасы бар орындардың көптілігі соның дәлелі. Қалада бард әндері фестивалі, джаз және Высоцкийді еске алу концерті өтеді. 2016 жылы «Shymkent Bard-2016» қалалық жастар арасындағы авторлық әндер фестивалі өтті.
Қалалықтар үшін табиғатта демалу және Шымкенттен 40 шақырым жерде орналасқан Қазығұрт тауына шығу өткен тарихты көзбен бір елестету десек те болады. Аңызда айтылғандай, бұл жерге Нұх кемесі тоқтаған делінеді. Соның құрметіне жер­гілікті шеберлер ағаш пен металдан «ұшатын кеме» жасады. Расында табиғатта өткізілген уақыт керемет емес пе?
Көздің жауын алатын шатқал­дар, өзендер мен көлдер, тау өзенін жағалап, суға түсу, енді бұл әсердің барлығы да бөлек.
Шырайлы қаладағы жаңадан ашылған Жайлаукөл саябағында «көзбен шолу» доңғалағына отырып, бүкіл қаланы барлауға болады. Онтүстік өңір үшін «шығыс базарына» бару – ізгі дәстүр. Бұдан қауын, қарбыз, шабдалы, жүзім мен жемістердің бәрін алуға болады.
Жыл сайын қазан айында болатын «Палау фестивалінде» оның дәмін татқан адам оған сөзсіз екінші мәрте баруға мәжбүр болады. Мұның барлығын біз неге айтып отырмыз?.
Мемлекет басшысы «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» саяси құжатында: «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң Шымкент болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, ха­лыққа сапалы білім беру, меди­цина, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетеді», деп атап көрсеткен.
Қазір Алматының халқы 1,5 миллион, Астана мен Шымкент тұрғындарының 800 мың адамнан асқанын ескерсек, оңтүстік өңірдің еліміздегі ең ірі үшінші қала атануына мүмкіндігі де, қабілеті де мол. Демек, Қазақ­стан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейін тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, Шымкент қаласы оңтүстіктегі үш облыстың кластердің орталығы болады. Ал Шымкенттен кейін…
– Төртінші қала ретінде Ақтөбе жоспарда тұр. Әрі қарай Қарағанды, Павлодар сияқты қалаларға кезек келеді. Халқының саны 1 миллионға жеткен қала­лар­дың әлеуеті үлкен, инновация мен индустрия да сонда. Кәсіби мамандар шоғырланады. Өз алдына өндірісі үлкен мегапо­лиске айналады. Дүниежүзіндегі тәртіп сондай. Бұл – басқа қала­лар­ды естен шығару деген сөз емес, бірақ осындай ірі қалаларда мем­лекеттік мәселелер оңай шеші­летінін ұмытпауымыз керек. Оңтүстік Қазақстан облысының жағдайына келсек, Ташкентке қарай даңғыл жол салынып жа­тыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі іске қосыл­ғалы Түркістанға жету бір сағаттық уақыт болып қалды. Те­міржол іргеде, газ құбыры келіп жатыр, енді елге одан артық қан­дай қызмет керек? – деді Прези­дент.
Демек, Елбасы атап көрсет­кендей, қала агломерациясы ай­мақты дамытып, халықты тұ­рақ­ты түрде жұмыспен қамта­­ма­сыз етеді, шағын және орта бизнесті көркейтіп, өңірге туристердің келуін арттырады.
Агломерация, елді мекендер агломерациясы экономикалық – мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елді мекендердің (әсіресе, қалалардың) шағын аумаққа топтануы, шоғырлануы. Урбандалу процестерінің бірі және негізінен индустриялық аймақтарға ғана тән құбылыс. Агломерация көбінесе жеке ірі қаланың (ядроның) төңірегінде қалыптасады; кейде бірнеше ядролы агломерация да болады. Агломерация өнеркәсіп өндірісі мен еңбек ресурсының аумақтық шоғырлануын сипаттайды, яғни мұнда өнеркәсіп, инфрақұрылым, ғылым және білім беру ісінің салалары қатар дамиды, соған байланысты халық тығыз қоныстанады. Агломерация өзінің төңірегіндегі аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуіне үлкен ықпалын тигізеді. Еліміздегі ірі елді мекендер Агломерациясы – Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қостанай, Рудный, Павлодар-Ақсу қалалары.

 
Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз