Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-14
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

Елбасының Жолдауы енді неге жазбаша бола қалды? Мамандар пікірі

Елбасы Жолдау жариялаудағы үрдісті кенет неге өзгертті? Оған не себеп? Бұл сауалдарды kaz.365info.kz медиа-порталы мамандарға қойып көрді.

Билік тығырыққа тірелді

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Жолдауды халыққа жеткізу тәртібінің кенеттен өзгеруіне елде болып жатқан кадрлық аласапыран әсер етті деп ойлаймын. Президент аппараты қызметіндегі жайсыздықты сеземін, мүмкін жаңа адамдар өз ісіне әлі үйренісе алмай жатқан шығар. Бір жағынан, Президенттің өзі де Парламент алдына шығып сөйлеуде кешігіп қалды.

Мұның бәрі билікте отырғандардың ненің маңызды, ненің маңызсыз екенін түсінбей жатқанын, бір хаосты байқатады. Кім қай кезде, нені айту керек? Олар мұны әлі нақты түсіне алмай жатыр.

Ал Жолдаудың өзіне келер болсақ, техникалық есеп секілді. Уақыт жағынан ешқандай сын көтермейді. Одан осыған дейін ел дамуы үшін жасалғандардың бәрі дұрыс секілді көзқарас қалыптасады. Ал қателіктер мен есепке алынбаған дүниелер туралы айтылмайды. Әрине, түсініксіз. Шынтуайтында, қазір билік тығырыққа тірелген, кім нені қалай істерін білмей дал.

“Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса”

Саясаттанушы Дос Көшім Жолдаудың тек жазабаша берілуін өткен заманды еске салатынын айтады.

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Енді бұл „Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса„ дегенге көп саяды. Менің білуімде, халықаралық тәжірибеге сәйкес, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы екі формада жүреді. Президент ел алдына шығып, телеарналар арқылы сөйлейді, ертеңінде оның жазбаша нұсқасы БАҚ беттерінде жарық көреді. Бізде де солай болған. Ары қарай да солай болуы тиіс еді.

Ал бұл жолы тек жазбаша нұсқасының жариялануын өткен заманға жатқызуға болады.

Иә, техника мен технология ескі кезде солай болатын. Ал қазір мүмкіндік зор ғой.

Қаржыгер-маман Асқар Төлегенов Facebook-тегі жеке парақшасында жариялаған жазбасында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының жазбаша жариялануын керісінше, өте ыңғайлы деп санайды.

Бұрын Жолдау “шалатілде” жасалатын…

Асқар Төлегенов, қаржы маманы:

– Көшбасшылардың кемеңгерлігінде шек жоқ. Жолдаудың жазбаша берілуі өте ыңғайлы, теледидарға жалтақтап алаңдамайсың, бәрі көз алдыңда. Оған қоса, бүгінгі негізгі тақырып — Универсиада, сондықтан теледидар алдындағы адамдарды текке алаңдатуға болмайды ғой.

Оған қоса, Жолдаудың мәтіні бір уақытта орысша және қазақша қатар шықты. Ал бұрын Жолдау мәтіні алабажақ болатын, бір жері орысша, бір жері қазақша дегендей. Енді дұрыс болды…

Әрине, ауызша Жолдаудағы Елбасының өз жанына қосатын ерек ойлар жетіспей тұр. Онысы рас енді…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз