Елбасы жуырда ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышевқа араша түсті. Үкіметтің кеңейтілген жалпы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев оған: „Ешкімнен қорықпа, біреу бірдеңе десе, маған айт„ деп салды.
Тіпті, Ұлттық банк басшыларына „жабылып„ жатқандардың кім екенін де Елбасы жиында айтып салды. Олар банк секторындағы акционерлер мен демеушілер көрінеді. Жалпы, еліміздің қаржы секторында не болып жатыр? Акционерлер нені бөлісе алмауда? Бұл сауалды біз қаржыгер-маман Айдар Әлібаевтан сұрап көрген едік.
– Қазір еліміздің зейнетақы жүйесі мен банк жүйесі де былыққа батып жатыр. Мысалы, зейнетақы активтеріне қатысты не болып жатқанын қазір ел біле алмай отыр. Ұрланғаны бар, шығынға батқаны бар. Қозғалған қылмыстық істерге қатысты үзіп-жұлып бір мәліметтерді сырттан естіп қаламыз. Өздеріңізге белгілі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы ондағы 5 млрд теңгені талан-таражға салды деген күдікпен ұсталды. Осыған байланысты маман ретінде біз зейнетақы активтеріне қатысты мәліметтерді көрсетуді сұрап, мәселе көтергенбіз. Ондағы ақша қайда инвестицияланып жатыр, табысы қандай, қанша шығынға ұшырадық? Мұны бәріміз білгіміз келеді.
Бірақ бізге құзырлы орган ақпарат беруден бас тартты. Ал бұл не деген сөз? Демек, жасыратын нәрсе бар.
Бұдан кейін, әрине, күмән мен күдік қоюлана түсуде. Бұл — біріншіден.
Екіншіден, қазір банк секторы да қиын жағдайда тұр. Банк секторында қордаланған, өтеуі жоқ, нашар несие өте көп. Кейбір банктердің жалпы жағдайы мәз емес. Оларды не істеу керек екенін білмейді (кейбір банктерге капиталы мен активтерін біріктіру ұсынылып жатыр – авт). Ал бір әрекет қылайын десе, күтпеген жағдайлар болып кетеді ме деген үрей мен қорқыныш тағы бар.
Негізінен, меніңше, онсыз да қиын осы екі мәселенің тіптен, ушыға түсуіне Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің тікелей қатысы бар. Сондықтан да оның маңайында өз сауалына жауап ала алмай, улаған-шулаған адамдар жүр. Осы себепті де бұл сөз Елбасының құлағына жеткен секілді.
Әрине, Елбасы жалғызға жанашырлық танытады ғой. Араша түсті. Жарайды, Елбасы оған тағы бір мүмкіндік беріп көрсін. Бірақ, маман ретінде менің айтарым, күрмеуі қиын қаржы саласындағы мәселені шешуге Ақышевтің өресі жетпейді.
Білігі мен білімі жетпегендіктен де ол қазір маңайындағыларды ұлардай шулатып қойып отыр емес пе? Ол бұдан кейін де зейнетақы және банк жүйелеріндегі мәселелерді оңтайландыра алмайды. Керісінше, проблемаға проблеманы жамап алып, тура осылай тура жауаптан қаша береді. Егер аталған мәселелерді шешуге қазір жең түре кіріспесек, мұның арты, тіпті, қиын болуы мүмкін.
Өзіңіз ойлаңызшы, қордаланған нашар несиелер мәселесі шешілмей келе жатқанына 10 жыл болды. Оның көлемі жылдан жылға өспесе, неге екені белгісіз, кеміген емес. Оны не істеуге болатынын ешкім білмейді. Банктер кезінде өз ақшалары секілді оңды-солды несиені таратып берді, енді оны қалай қайтарарларын білмей дал. Ақышев та банк саласына бүгін келген жоқ, 1,5 жыл болды, бір нәрсе бітірсе, көретін едік қой. Ол келгелі банк саласында орын алған қандай да бір серпілісті байқамадым.
Енді не істеу керек?..
Мен өз салам – зейнетақы бойынша айтатын болсам, қазір өз жинағы бүтіндігіне елеңдеп отырған елдің күпті көңілін басу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарын басқаратын Инвестициялық кеңестің жұмысын жария әрі ашық ету керек.
Біз, жалпы жұрт жиналып жатқан ондағы ақшаның қайда, қалай инвестицияланып жатқанын білуі тиіс. Бұл, ең алдымен, сол үшін керек. Тағы бір жағынан, халық жинағына кім көрінгеннің қол сұғуына, оның ұрлануына жол бермеу үшін керек. Ол үшін бұл кеңеске қоғам өкілі ретінде біз секілді мамандар қатыстырылуы тиіс деп санаймын. Сонда зейнетақы ақшасы күмәнді, дефолтты қағаздарға салынып жатса, мамандар дер кезінде дабыл қағып, халықты құлағдар етіп, ондағы ақшаның ұрлануының, шығынға ұшырауының жолын алдын ала кесер едік.