Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Елбасы Корея Республикасының Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті жайттар, атап айтқанда, ядролық қарусыздану мен таратпау, киберқылмыс қатерінен төніп отырған жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе келіссөз аясында Оңтүстік Корея президентінің Астанаға 2014 жылғы маусымдағы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды.

Екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту мен өзара тауар айналымын жандандыру перспективалары айқындалды. Екі елдің басшылары Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Келіссөз барысында Корея тарапы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы бастамаларының жүзеге асырылуының қарқын ала түсетініне сенім білдірді.

Энергетикадағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары, мұнай мен газ өңдеу, медициналық туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Корея Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағын құру мүмкіншілігі қарастырылды.

Корея тарапы көлік-транзиттік өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше қызығушылық танытты.

Қазақстан Президенті Тынық мұхиты жағалауындағы Қытайдың Ляньюньган портының қазақстандық терминалы құрылысының аяқталғанын атап өтті.

«Бұл терминал арқылы қазірдің өзінде миллионға жуық контейнер тасымалданды. Сонымен бірге Қытаймен шекаралас Қорғас «құрғақ портын» Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз портымен жалғайтын теміржол салынып, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына дейін теміржол төселді. Осы бағыттардың бәрін корей бизнесінің пайдалануына болады», – Мемлекет басшысы.

Пак Кын Хе Нұрсұлтан Назарбаевпен елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толу қарсаңында кездесіп отырғанына айрықша қуанышты екенін жеткізді.

«Мемлекеттер басшыларының арасындағы өзара сенімге негізделген жеке достық қарым-қатынастың қалыптасқаны елдеріміздің стратегиялық әріптестігінің де нығая түсуіне септігін тигізеді. Қазақстан мен Кореяның қарым-қатынасы бір-бірін өзара толықтырушы ынтымақтастық негізінде жедел қарқынмен дамып келеді», – деді Корея Республикасының Президенті.

Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету туралы бірлескен декларациясы;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Корея Республикасы Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы бірлескен іс-қимыл жоспары;

– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Корея Республикасы Көлік, жер және инфрақұрылым жөніндегі министрлігі арасындағы көлік саласындағы инвестициялық және инновациялық жобаларға қолдау көрсету туралы меморандум.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз