Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Елбасы барлық тарихшыларға үндеп жасап отыр – түркітанушы

387

Мақалада түркі өркениетін дамытуға қатысты бірқатар мақсат-міндеттер белгіленген болатын. Осыған орай түркітанушы-ғалым Нәпіл Базылхан пікір білдірді деп хабарлады ҚазАқпарат.

Ғалымның айтуынша, аталған мақаланың стратегиялық маңызы зор. Себебі онда біздің өткеніміз бен болашағымыз қамтылып отыр.

«Бұл – бағдарламалық мақала. Президент көшпелілер өркениетінің негізгі бесігі Алтай екенін, таңғажайып аң стилін, мифологияны – бәрін анық көрсетті.

Мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болады дейді. Сондықтан бұл – бүгінгі болмысымызды сараптап, болашағымызды бағамдауға арналған мақала. Оның стратегиялық маңызы зор», – деді Н.Базылхан өз сұхбатында.

Ғалымның сөзіне қарағанда, Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы барлық тарихшыларға үндеу жасап отыр. Соның ішінде түркітанушыларға да ауқымды шараларды қолға алу қажет.

«Мәселен, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба туралы жазылды. Негізі, түркі әлемі – бұл үлкен әлем. Ол Еуразияны толығымен қамтиды. Оған қатысты тарихтың біраз қырлары әлі де түпкілікті зерттелмеген. Сондықтан Президент түркі халықтарының тарихын кешенді түрде қарауға үндеу тастап отыр. Себебі оның ішінде археология, этнография, мәдениет пен өнер, фольклор және тағы басқа салалар бар.

Осы жұмысқа түркі әлемін зерттеп жүрген отандық болсын, шетелдік болсын, барлық ғалымдар атсалысуы қажет деп ойлаймыз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсынды.

Бұл – өте орынды идея. Себебі біз заман талабына сай дамуға тиіспіз. Қазіргі технологияларды жан-жақты қолданған жөн. Сонда түркі әлеміне қатысты тарихи деректерді онлайн кітапхана арқылы оқуға мүмкіндік туады», – деп атап көрсетті Н.Базылхан.

Айта кетейік, өз мақаласында Президент Қазақстанның күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» екенін, сондай-ақ, қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтардың басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосқанын ерекше атап өтті.

«Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет.

Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек.

Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды. Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады», – делінген мақалада.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз