Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жеделхатта Кабул қаласындағы террорлық акт салдарынан көптеген адамның қаза болып, зардап шеккені туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
“Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан Сізге, сондай-ақ қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтастығымды білдіремін. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Елдеріміздің бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күресте Ауғанстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға Қазақстан әрқашан дайын екенін атап өтемін”, – делінген жеделхатта.
Кабулда жойқын жарылыстың салдарынан Қазақстанның екі азаматы зардап шекті.
“Біреуі – 1982 жылғы, терезенің шишасы оның басына кіріп кеткен. Тағы біреуі 1991 жылғы азаматтың аяғы жараланған. Оларға медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта олар қауіпсіз жерде. Жарақат алған екеуімен де қазақстандық дипломаттар үнемі хабарласып, көмек көрсетіп жатыр”, – деді ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов.