Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Медеу ауданындағы №168 мектептің жаңа ғимаратын аралады.
Аталған білім ошағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазіргі заман талаптарына сай салынған жаңа білім ордасы соңғы технологиялармен жарақтандырылған. Үш қабатты ғимарат 6 блоктан тұрады. Мектептің жалпы аумағы – 8 390 шаршы метр.
Айта кетсек, білім ошағы 600 орынға шақталған. Барлығы 37 кабинет бар. Физика, химия және биология кабинеті, тігін шеберханасы, аспазхана, ағаш пен металл өңдеу шеберханасы сынды арнайы кабинеттер бар. Сондай-ақ мектеп ғимаратында 200 орынға есептелген асхана мен мәжіліс залы да бар. Кабинеттер 103 компьютер, 31 интерактивті тақтамен жабдықталған. 1 мультимедия кабинеті де ашылды.
Бұған қоса мектеп-гимназиясы аумағында дене шынықтыру-спорт аймағы да орналасқан (шағын футбол алаңы, гимнастика, баскетбол алаңдары). Гуманитарлық ғылымдарға басымдық берілетін мектепте оқушылар мемлекеттік тілде білім алады.
Мектеп құрылысы биыл шілде айында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында басталған еді.