Экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша басқарма қызметкерлері таныстарына экстремистік сипатта бейнематериалдар жіберген елорда тұрғынын әкімшілік жауапқа тартты.
Бұл туралы Астана ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
33 жастағы әйел WhatsApp арқылы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын бейнематериалдарды таратқан. Заңнама бойынша қатыгездiкке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтер мен материалдарды Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау үшін, қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмаған жағдайда, ҚР ӘҚБК 453-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған.