Іс жабық сот отырысында қаралды. Сот билікті асыра пайдаланды деп айыпталған бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ісіне қатысты үкім шығарды. «Құпия» белгісі бар істе тараптар процессуалдық келісімге келген.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдаланды деп айыпталған Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігі).
«Сотталушы кінәні толығымен мойындады әрі шын жүректен өкініш білдірді», – делінген сот хабарламасында.
Ерлан Тұрғымбаев белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылып, 5 жылға сотталды.
«Айыптау сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілерінсіз жасалғандықтан, ҚК 63-бабының негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, сот президентке Тұрғымбаевты арнайы қызмет пен мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдады. ІІМ бұрынғы басшысы биыл 30 сәуірде ұсталды.