Нұр-Сұлтан
Қазір
-12
Ертең
-1
USD
488
0.00
EUR
533
0.00
RUB
5.09
0.00

“Екінші әйел алам”. Ақтаулық аяғы ауыр келіншекті күйеуі үш баласымен үйден қуып шыққан

111

“Бұдан төрт ай бұрын мен жолдасыммен ренжісіп қалдым. Оған дейін де талай ұрыс-керіс болып жүрді ғой. Бірақ бұл жолы қатты ренжістік. Оның айтқан ауыр сөздеріне шыдамай ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Дәл сол сәтте қатты ашуланғандықтан болар, солай дұрыс болады деп ойладым. Алайда ол маған мүлдем хабарласпады. Екі ай өтті, үш ай өтті, төртінші ай дегенде өзім үйге балаларыммен қайтып бардым”, – деген әйел осыдан кейін күйеуі оны үйден қуып, үйге басқа әйел әкелетінін айта бастағанын жеткізді.

“Мен күйеуіме ренжіп кеттім. Ол өз қатесін түсінсін деп ойладым. Алайда ол қазір өзімді кінәлайды. “Енді керегің жоқ, басқа әйел аламын. Көнсең бірге тұр, көнбесең кет”, – дейді. Енем де келсең өзің үшін келдің, сені ешкім ұстап тұрған жоқ деп, қорлауын тоқтатар емес. Бір айға жуық уақыт болды. Күйеуім үйге бір келіп, бір келмейді. Біз махаббатпен қосылып, сүйгендіктен үйленген едік.

Осылай болар деп ойламадым. Үйден кеткенде де арам ойым болған жоқ. Ойлансын, арақ ішуін азайтсын, отбасына көңіл бөліп жұмыс істесін деген ой болды. Ал мен қазір үш баламмен, ішімдегі төртеумен қайда барарымды білмей отырмын. Сегіз жыл бойы үйімнен бір рет те кетіп көрмеппін. Діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да өз міндетімді білемін. Дұға етіп, қанша жетіспей жүрсек те, шүкір деумен келдім.

Үнемі демеп, ер-азаматым деп сыйлап жүрдім. Менің қатты көңілім қалды. Күнде ауыр сөздерді естимін. Іштегі баламды аяймын. Кетіп қалайын десем, барар жерім жоқ. Ата-анамның қолында келін бар. Міне, күні кеше ғана енем де, күйеуім де заттарыңды жина де кет, сен ешкімге керек емессің деп айқайға басты”, – деп өз проблемасымен бөлісті Жадыра.

Бұл тығырықтан қалай шығатынын білмеген келіншек, денсаулығының да күннен күнге сыр беріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, аяғы ауыр болғандықтан, ол көп нәрсені кешіруге мәжбүр болып отыр.

“Ел ағалары ақыл айтса деймін, ұл десе ұлын, қыз десе қызын туып бердім. Неге қазақтың жігіттері қазір екінші әйел алу дегенді шығарып алды? Бұрынғы бай-манаптардың заманы емес, неліктен үйіндегі аяулы жарын осылайша мазақ қылуға құмартып алды? Мен соны түсінбей қиналамын, жауапкершілік деген қайда қалды?”, – деп ашуланды ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз