Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
14
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Екібастұздық полицейге “Қазіргі заман қаһарманы” атағы берілді

Ол Екібастұз қаласының ішкі істер бөлімінде 10 жылдан бері қызмет етіп жүр. Екібастұздың полиция пультіне тәулігіне ондаған адам қоңырау шалады. Түрлі заң бұзушылықтар, ұрлық, отбасындағы кикілжің, жол апаты, тағысын тағы. Бірде-бір оқиға полиция назарынан тыс қалмайды.

Аман Әубәкіров, Екібастұз қаласының ІІБ жедел уәкілі:

– Біздің жұмысымыз өте қызықты деуге болады. Әрине, қиындықтар кездесіп жатады. Бірақ біз сол қиындықтарға төтеп беруге ант қабылдағамыз. Сондықтан уақытпен санаспай еңбек етеміз. Қылмыс тіркелген жерге жылдам жетеміз. Ізін суытпай ашуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Аман Әубәкіров өзінің ерлігімен елге танылды. Ол осыдан бір жарым жыл бұрын адам өмірін құтқарған. Энергетиктер көшесіндегі үйлердің бірінде төртінші қабаттан секірмек болған әйел адам туралы хабарлама таңғы сағат 07:00-де түскен. Оқиға орнына тәртіп сақшылары, құтқарушылар, жедел жәрдем келіп жетеді. Көпшілік жүйкесі сыр берген әйелді сабырға шақырып жатады. Еш нәтиже шықпасын сезген тәртіп сақшысы шұғыл іске көшеді.

Аман Әубәкіров, Екібастұз қаласы ІІБ жедел уәкілі:

– Менің ойымша, кез келген полиция қызметкері осылай істейтін еді. Өйткені адамның өмірі қыл үстінде тұр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Мен терезені сындырып ішке кірдім. Үйдің сыртқы есігі жабық болды. Үрейі ұшып кеткен зардап шегушіні терезенің жақтауынан көтеріп түсірдім.

«Қыс мезгілі, айнала тас қараңғы» деп еске алады Аман сол сәтті. Төртінші қабаттағы пәтердің балконынан көрші үйге қалай өткені әлі күнге жұмбақ. Аяқ тірейтін, тіпті қолға ілінетін зат болмаған. Бар ойы жан ұшырған адамға көмек беру еді. Оның бұл ерлігі полиция қатарына алынған әрбір жас маманға үлгі.

Абай Жүсіпов, Екібастұз қалалық ІІБ тергеу бөлімінің басшысы:

– Мен өзімнің қызметкерім Әубәкіров Аман жайында айтар болсам, ол – білікті маман. Қазіргі таңда біздің елдің, қазіргі заманның батыры десек те болады. Өйткені әр қызметкер осындай іс-әрекетімен тек өзінің емес, біздің ішкі істер органдар қызметкерлерінің беделін көтереді. Сол себептен біз осындай қызметкерлерімізбен мақтанамыз.

Екібастұзға Аман Әубәкіров Қарағандыдағы заң институтын бітірген соң келіпті. Бір мекемеде он жылға жуық еңбек етеді. Үздік қызметкерлер сапында. Ол құтқарған әйел босанғаннан кейін жүйкесі сыр беріп, депрессияға ұшырапты. Кейін жас ананың денсаулығы қалпына келіп, отбасымен басқа қалаға қоныс аударған. Ал Аман Әубәкіровке «Қазіргі заман қаһарманы» атағы берілді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз