Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметінің жолы кесілді. Жергілікті тұрғындар — ағайынды екі азамат ұсталды. Олар тұрғын үйдің ауласында тыйым салынған заттарды синтездеуге жабдықталған гаражда «синтетиканы» ірі көлемде өндіруді жолға қойған.
Тінту барысында 10 келіден астам «альфа-PVP» психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.
Есірткі өндірісін ұйымдастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Енді ұйымдастырушыларға тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң жазалау шарасы тағайындалуы мүмкін.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Прекурсорларды жеткізу арналарын, сондай-ақ есірткі бизнесін ұйымдастыруға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бойынша одан әрі іс-шаралар жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігі Қазақстанда есірткі өндірісін жолға қоюға бағытталған кез келген әрекет қатаң әрі ымырасыз түрде тоқтатылатынын ескертеді. Полиция барлық азаматты «Заң мен тәртіп» сақтауға шақырады.