Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

ДСҰ-дағы Қазақстан: Назарбаевтың бастамасы ұзақ мерзімді стратегия ретінде

Осы жылдар ішінде Елбасы ДСҰ-ға кіру идеясының авторы және бүкіл процестің драйвері болды.

ДСҰ-ға кіру қажеттілігін сынға алу

Көптеген адам Елбасының ДСҰ-ға кіру мотивациясын сынға алды. Оның себептері мынадай болды: шағын отандық нарық субсидиялар алу құқығынан айырылар еді; елдің импорт құрылымындағы тауарлардың 95-96%-ы ДСҰ-ға мүше елдерден болатын; және ол кезде ел өңірлік экономикалық интеграция — ЕАЭО қатысушысы болатын.

Сонымен қатар, ішкі нарықтың мүмкіндігіне күмән келтірілді. Қазақстан нарығы шикізат экспортына бағдарланған. ДСҰ жүйесі бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған ішкі нарығы бар және көбіне шикізат емес, өнеркәсіп өнімдерін экспорттайтын елдер үшін көбірек артықшылықтар береді.

Елбасы өз шешімін былай тұжырымдады:

Қазақстан үшін ДСҰ-ға кіру сауда көрсеткіштерін дереу жақсартумен шектелмейді, сонымен қатар елді халықаралық деңгейде жайғастыру және елге инвестициялар тарту үшін оң әсер етеді.

ДСҰ мүшелігі әлемдік қоғамдастық үшін елдің халықаралық нормалардың жалпыға ортақ жүйесіне бейілділігі туралы белгі болып табылады. Сондай-ақ, ДСҰ протекционистік шараларды қадағалап отырады және әрбір қатысушы елдің сыртқы сауда саясатының болжамдылығын қамтамасыз етеді, бұл шетелдік инвесторлар үшін елімізді таңдаудағы маңызды фактор болып табылады.

Сынға қарамастан, Елбасы өз шешімін өзгертпеді және ұйымға кіру бойынша ДСҰ тарихында ең ұзақ (19 жыл және 9 ай) келіссөздер жүргізуді жалғастырды. Мұндай ұзақ кезең Тұңғыш Президенттің отандық нарық үшін өтпелі кезеңді белсенді түрде “саудаласуына” және көптеген мәселелер бойынша ұстанымдарды сақтауына байланысты болды.

Кіру қиындықтары және ең ұзақ процесс

Қазақстанның ДСҰ-ға кіру туралы ресми өтініші 1996 жылғы 26 қаңтарда берілді. Бір айдан кейін елге бақылаушы мәртебесі беріліп, ДСҰ-ға кіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

1996 жылы ақпан мен 2015 жылы қазан аралығында тараптар арасындағы келіссөздердің белсенді процесі жүрді.

Негізгі қиындықтар отандық тауарлар үшін өтпелі кезеңді реттеуге байланысты туындады. Қазақстандық тарап жергілікті өндірісті субсидиялау мүмкіндігі ел ұйымға кіргеннен кейін бірнеше жылға ұзартылуын талап етті.

Сондай-ақ, Елбасы ДСҰ-ға кіру кезінде стандартты мөлшерлемелерден (5%) талап етілетіннен гөрі ауыл шаруашылығы секторына үлкен субсидиялар бөлуді талап етті.

Ұзақ келіссөздерден кейін ел жалпы құнның 8,5% мөлшерінде дотация бөле алады деген шешім қабылданды.

ЕАЭО мен ДСҰ арасында кедендік баждарды бір мезгілде үйлестіру қажеттігі тағы бір күрделілік болды. Бұл тарифтік міндеттемелер мұқият диалогты қажет етті.

Талқылау қорытындысы бойынша, еліміз ЕАЭО-ға қатысушы елдермен “өтемақы келіссөздерін” жүргізеді деген шешім қабылданды.

2015 жылы кіргеннен кейін Қазақстан келесі бес жыл өтпелі кезең процесінде болды, яғни елде кезең-кезеңмен реформалар жүргізу мүмкіндігі болды: заңнаманы ДСҰ стандарттарына келтіру, ішкі нарықты кезең-кезеңімен ашу, кедендік баждарды ЕАЭО және ДСҰ-мен үйлестіру.

Өтпелі кезеңнің аяқталуы және ұйымға кірген сәттен бастап бесжылдық 2020 жылы Женевада өткен ДСҰ онлайн-конференциясында атап өтілді.

Кіру нәтижелері

Қазақстан осымен алтыншы жыл қатарынан ДСҰ аясында белсенді қызмет жүргізіп келеді. “Саудаланған” өтпелі кезеңді аяқтап, биылдан бастап еліміз ДСҰ-ның толық құқықты мүшесі болды, бас директивалық органда төрағалық етуге және өзінің күн тәртібін ілгерілетуге мүмкіндігі бар.

Қазақстан үшін ДСҰ-ға кіру кезінде өндіруші сектор мен қызмет көрсету саласына шетелдік инвестицияларды тарту мүмкіндігі аса маңызды болды.

Өткен жылдың соңында ұйымға 5 жылдық мүшелікті қорытындылаған кезде Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов елдегі инвестициялық ахуалдың жақсарғанының дәлелі болып табылатынын атап өтті:

Қазақстан ДСҰ-ға кірген сәттен бастап барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 50%-ы шикізаттық емес секторларға, атап айтқанда, қызмет көрсету секторына (30%) және өңдеуші өнеркәсіпке (18%) тартылды.

Осылайша, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі ауыл шаруашылығына инвестицияларды және шикізаттық емес экспортты өткізуді айтарлықтай ынталандырды.

ДСҰ ретінде жаһандық ұйымға мүшелік тек экономикалық артықшылықтарды ғана емес, сонымен бірге саяси артықшылықтарды да береді. ДСҰ-да бес жылдық мерзім — бұл тек бастапқы кезеңдер, сондықтан толыққанды мүшеліктен артықшылықтар алу Қазақстанды болашақта әлі де күтуде.

ДСҰ нормалары мен стандарттарына сәйкес халықаралық сауданы жүргізу перспективада ішкі әлеуетті дамытуды қамтамасыз етеді.

Осылайша, Елбасы өзінің президенттігі кезеңінде Қазақстанға өзінің экономикалық және саяси мүдделерін халықаралық деңгейде ұзақ жылдарға алға жылжыту мүмкіндігін қамтамасыз етті.

Қазіргі басшылық үшін басты міндет Ұлттық әлеуетті іске асыру және ДСҰ-ға мүшеліктен барынша ықтимал артықшылықтар алу болып табылады.

Динара Әбуова, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз