Нұр-Сұлтан
Қазір
22
Ертең
18
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Досымның әйелі үйін сатып, бар ақшасын қаржы пирамидасына салып жіберді

Халық қалаулысы аузын жиып үлгерген жоқ, ондай оқиғалар еліміздің әр өңірінде қылтитып, бас көрсетіп қалып жатыр. Сондай бір оқиға туралы әлеуметтік желі қолданушысы, халықаралық құқық маманы Руслан Түсіпбеков баяндап беріпті.

Оның сөзіне қарағанда, досының әйелі үйін сатып, бар ақшаны осындай күмәнді қаржы компаниясына салып жіберіпті.

Әңгімеге сөзбе-сөз тоқтала кетелік.

„Менің студент кезден жақын бір досым бар. Көзі дұрыс көрмейді. Мүгедектік тіркеткен. Бір көзі минус 36, екіншісі минус 25. Бірақ соған қарамастан, өзі аса белсенді, жұмыскер. Екі жұмыс істейді, одан бөлек қоғамдық жұмыспен айналысады. Көп оқиды, әуесқой астроном қауымы арасында өте танымал. Жақында ол екі көзіне де ота жасатты. Біріншісі сәтсіз болып, екінші рет пышаққа түсті. Бір сөзбен айтқанда, көрмей қалудың алдында жүр. Бірақ әңгіме досымда емес, оның әйелінде болып тұр.

Әйелінің Астанада бір бөлмелі үйі болыпты, 2007 жылы баға шарықтап тұрғанда оны жақсы ақшаға сатқан. Алайда әлгі келіншек оны үлескерлік құрылысқа салады ғой. Досым қатты наразы бопты, бірақ үй қожайыны ол емес, нені шешсін? Әйел дегенін істеп тыныпты. Үйді 2009 жылы бітіреміз деген, бірақ 2017 жыл болады…

Иә, араға 10 жыл салып, олар ақыры, көптен күтіп, жүйкелерін әбден тоздырған пәтерге қол жеткізеді. Бұл 10 жылдың ішінде не болғаны туралы жеке фильм түсіруге болады, негізі…

https://kaz.365info.kz/taksidegi-angime-questra-kharzhy-piramidasynyn-uagyzshysy-shyndykhkha-shydamaj-ashulanyp-ketti-263525

Ақыры, бұл іске мемлекет араласып, өткен жылдың соңында олардың қолына құжат беріле бастайды. Менің досым да, нақтырақ айтқанда, әйелі де сондай құжатты алады. Олар екеуі ақылдаса келе, ол үйді сатып, бір бөлмелі үйден екеу сатып алмақ болып шешеді.

Наурыз айында әупірімдеп жүріп, ақыры, үйді сатады, бәрі жақсы секілді болатын.

Жақында сол досым туған күніммен құттықтап, хабарласты. Одан соң, екеуміздің диалогымыз былай өрбіді:

– Рус, проблема шығып тұр.
– Не боп қалды?
– Әйелім бар ақшаны бір компанияға сала салыпты, олар бірнеше есе қып, қайтарып аласың депті.
– Қойшы, бәрін бе?
– Иә, 16 миллион теңгені бір-ақ.
– Ал сен қайда қарадың, айтпайсың ба?..
– Рус, ол жақында ғана айтты маған оны…

Мен үнсіз қалдым. Не дерімді білмеймін. Ертеңінде оның әйеліне хабарластым.

– Жеңеше, қалыңыз қалай?
– Ой, күшті ғой, жүріп жатырмыз ақырындап!

Оның жарқын-жарқын үні жүйкеме тиіп кетті:

– Жеңеше, Сіз ақшаны жақсылап салатын жерді біледі дейді ғой?
– Иә, білемін. Өте салмақты, халықаралық компания ол!
– Жеңге, мен оның қандай компания екенін білдім. Оны екі украиндық алаяқ құрыпты. Олардың қызметіне Еуропада тыйым салынған.
– Руслан, қайдағыны айтпа, бұл мүмкін емес! Мен дегенің апта сайын процент алып отырмын ғой. Аптасына 6 процент, естіп тұрсың ба? Бұл деген ғаламат ақша ғой?!

Әңгіме ауанын өзгертуге тура келді енді.

– Жақсы, Сізге сенейін. Ендеше, екі айдың ішінде Сіз, шамамен, 2 миллион теңге табыс табуыңыз керек, дұрыс па?
– Иә, мен тура сондай ақша алдым!

Мұны естігінде, өз құлағыма өзім сенбей қалдым:

– Рас айтасыз ба?
– Әрине.
– Тура қолыңа 2 миллион теңге санап берді ме сонда?
– Тура емес енді…
– Сонда қалай?..
– Бұл электронды ақша ғой, оны қағаз ақшаға айналдыруға болады.
– Енді қағаз ақшаға ауыстырдың ба?
– Жоқ, жүйеде ақау бар деді, бірақ міндетті түрде ақшамды алам ғой, шотымда тұр!

Енді бәрі түсінікті болды. Бір сөзбен айтқанда, елдің электронды поштасына апта сайын қандай да бір виртуальдық ақша туралы есеп келіп тұрады. Бірақ нақты ақша жоқ, оны ешкім көрмеген. Көрмейді де.

https://kaz.365info.kz/akhshany-khajdan-alatyndaryn-da-bilem-questra-nyn-artynda-kimder-tyr-263893

Оны қойшы. Бәрінен масқарасы, досымның әйелі ол компанияға менеджер ме, агент пе, солай қызметке тұрып алыпты. Енді өзімен қоймай, туған-туыстары мен таныстарын тартып жатыр екен оған.

Бұл пирамида емегенде, немене? Көзді бақырайтып тұр ғой, көз алдымызда. Бірақ маман менің сөзіме ешкімнің сенгісі келмейді, ал әлгі, көлденең көк атты келіншектің сөзі өтімдірек болып тұр елге, рас ол енді…

Бұл арада мені досымның денсаулығы қатты мазалайды. Мұның арты не болар екен? Құдай бетін әрі қылсын, көр соқыр боп қалса, қайтем? Ал ақшаны қойшы… Қай жерде қалмай жатыр дейсіз?..„ деп жазады Руслан Түсіпбеков Facebook-тегі жеке парақшасында.

https://kaz.365info.kz/kim-zhaman-ykimet-zhaman-deputat-questra-kharzhy-piramidasy-turaly-shyndykhty-ajtty-261522

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз