Бүгін қазақтың атын айдай әлемге танытқан талантты әнші, отандасымыз Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайбергеннің туған күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Димаш 1994 жылы Ақтөбеде танымал әншілер, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері – Светлана және Қанат Айтбаевтардың шаңырағында дүние есігін ашты.
Димаштың ата-әжесі де әнге әуес, музыкаға жақын адамдар. Бірі домбырада ойнаса, екіншісі ән айтуға бейім.
Әнші бала күнінен киелі сахнаға құмар болған. 5 жасынан бастап фортепианода ойнауды үйренеді. Балалар хорында ән айтады. Алты жасында “Айналайын” республикалық байқауының “Фортепиано” номинациясында жеңімпаз атанады. Бұл балғын бала шағында бағындырған бір биік белесі еді. Одан соң жас талант қияндарға қанат қағады. Республикалық, тіпті халықаралық додаларда елінің атын асқақтатып, әлемге паш етуден талмайды.
2010 жылы “Байқоңырдың әсем дауыстары” халықаралық фестивалінің лауреаты атанды. 2012 жылы “Жас қанат” республикалық жас ән орындаушылар байқауының гран-приін жеңіп алады. 2012 жылы “Восточный базар” халықаралық байқауында тағы да бас жүлдені қанжығалады. Бір жылдан соң “Мейкин Азия” І халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды. 2014 жылы Димаш Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің “Академиялық ән орындау” факультетін бітіріп, Қазақ ұлттық өнер университетінің “Эстрада өнері” факультетіне түсті. Бұл кезде жас әншіні өнерге жақын жандар мен әншілер, өзінің жерлестері ғана жақсы білсе керек. Ал жалпақ жұрт әлі Димашты толық танып кете қоймаған.
Әншінің есімі дүйім елге Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық «Славян базары-2015» байқауында гран-приді жеңіп алған соң мәшһүр бола түсті.
Ал нағыз танымалдықты оған Қытайда өткен «I am singer» жобасы сыйлады. Кіл мықтылар бас қосқан бұл жоба басталысымен-ақ Димаш майталман мамандар назарына ілікті.
Алғашқы сайыс күні Даниель Балавуанның “SOS d’un terrien en detresse” әнін өте жоғары деңгейде орындап, көрермендер көзайымына айналды. Тіпті, жоба мамандары “Тәңір өзі назарына алған жас әнші” деп жоғары баға берді. Одан кейінгі кезеңдерде атақты «Опера-2» әнін Витастан 2 тон жоңғары орындап, бүкіл қытай халқын «ботадай боздатты». Оның жанкүйерлері күн санап, сағат санап көбейіп жатты. Әншіні фанаттары күні-түні аңдып, ол мінген ұшақ рейстеріне билет сатып алуды шығарды. Оны әуежайдан бір көріп қалудың өзін шексіз бақытқа балайтындар қаптады. Осы секілді жағдайлар көбейген соң ол қонақүйін жиі-жиі ауыстырып отыруға мәжбүр болады. Алайда, жанкүйерлермен кездесе қалған жағдайда бәріне қолтаңба үлестіріп, суретке түсіп, жылы шырай танытудан қашпайды. Бұрын-соңды қазақ әншілерінен осындай танымалдылыққа жеткен, осынша халықты талантына табындырғаны болмаған еді. Тіпті, әлемге таңдай қақтырған Лара Фабиан сынды күміс көмей әншінің өзі қазақстандық жас талантпен кездесуге құмар екендігін әлеуметтік желіде жазды. Бұл тек Димаштың өміріндегі емес, тұтас қазақ эстрадасының тарихындағы жарқын сәттер еді. 15 сәуір күні «I am singer» жобасы мәреге жетіп, Димаш Құдайберген 2-ші орын алды. Бұл жас әнші үшін үлкен жетістік еді, себебі кіл мықтылар сынға түскен бұл жобаның талабы да, деңгейі де жоғары болатын.
Міне, осылай ел даңқын аспандатқан дауылпаз әнші, бүгінгі заманның Әміресі 23 жасқа толып жатыр. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген әншіге әрдайым ақ жол тілейміз!