Димаш Arnau tur әлемдік турнесінің аясында Киевте өткен концертінде украиналық әнді айтып, көрермендердің көзіне жас үйірді.
Димаштың бұл елдегі концертіне де әлемнің түкпір-түкпірінен фанаттары келген.
Оның қазақ, орыс, француз, қытай тіліндегі әндері көрерменнің көңілін баурап алды. Украиналық көрермендер өздерінің ана тіліндегі әнді асыға күтті. Димаш украинаның ана туралы «Чорнобрывци» атты халық әнін орындады.
You Tube желісінде жарияланған Димаштың концертінде түсірілген әуесқой видеоларға украиналықтар өзінің жылы лебізін қалдырған.
«Украинаның халық әндерін әдетте отбасымен жиналғанда айтамыз. Димаш біздің отбасылық… халық… әнімізді айтты. Бұл күтпеген, қуанышты жайт болды».
«Мен өз отанымда, Украинада алғаш рет Димаштың концертінде болдым. Оның даусы бойыңды билеп, алыстарға әкетеді. Ал “Чорнобривці” әні үлкен сыйлық болды. Концертіңіз үшін рахмет, тағы да концертпен келуіңізді өтінеміз!»
«Кохаемо, Димаш!» — украиналықтар Димашқа гетман күшінің нышанын сыйлады
Айта кетейік, 10 наурыз күні Димаш Құдайберген Украинаға келді. Кумирлерін асыға күткен украиналықтар мұқият дайындалған екен, тіпті әуежайдың диспетчері Димашты «Димаш Құдайберген, Киев қаласына қош келдіңіз!» деген қазақша хабарламамен қарсы алды.