Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Дәу бастықтың таныстары…”. Алматыда бас дәрігерлер неге шетінен ауысуда?

156

Ол бас дәрігерден науқас Е.Усатованың ауызша білдірген (жазбаша емес) шағымына байланысты жазбаша түсініктеме беруін талап етеді. Нұржан Амангелдіұлының айтуынша, 2018 жылдың 3-қаңтарында Алматы онкология орталығында емделуші Е.Усатоваға дәрігерлік қабылдау кезінде №30 емхананың аудандық онкологы Мира Мұхамбетжанова мен оның мейірбикесі Д.Тоханова дөрекітілік танытқан екен.

Сонымен бірге Д.Тоханова Е.Усатоваға А4 қағазы мен іс-қағаздарын бекітіп қоятын папка және қалам әкелуін өтінген көрінеді.

Осылайша денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Н.Исабеков бас дәрігерден Е.Усатованың сөзіне қарай орын алған мән-жайларға байланысты түсініктеме дайындауын сұрайды.

Басшылық бұйырып талап еткеннен кейін Дамир Дәулетбаевтың түсініктеме жазуына тура келеді. Онда ол Е.Усатованың ауызша білдірген арызына сәйкес қызметтік тексеру жүргізетінін, содан кейін ғана оның нәтижесі туралы құжаттарды ұсынатынын жеткізеді.

Негізі, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» ҚР Заңының 6 бабы 2-тармағына сәйкес, жеке тұлғаның өтінішінде – оның тегі, аты, жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған жағдайда), пошталық мекен-жайы көрсетілуі керек.

Өтінішке жеке тұлғаның өзі немесе заңды өкілі қол қоюы тиіс. Алайда емделуші Е.Усатованың жазбаша түрдегі шағымы жоқтығына қарамастан, 5-қаңтарда Онкологиялық орталықта Науқастарды қолдау және ішкі аудит қызметінің жетекшісі Асылбек Ембердиевтың баянхаты негізінде тәртіптік және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша комиссия отырысы өтеді. Онда Е.Усатованың ауызша шағымы қаралады. Ол 05.01.2018 жылы №1 хаттамамен бекітіледі.

Комиссия шешімімен аудан онкологы М.Мұхамбетжановаға науқастарға дөрекі қарағаны үшін ескерту, ал медбике Д.Тохановаға өзінің функционалдық қызметін ықылассыз орындағаны үшін сөгіс беріледі. Бұдан бөлек емхана меңгерушісі Төлеген Нұрсіленовке қызметкерлеріне бақылау жасамағаны үшін ескерту жасалады.

Осыдан кейін барып бас дәрігер Д.Дәулетбаев қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусиновқа жүргізілген тексеріс туралы және кінәлі қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану нәтижелері жөнінде жазбаша түрде хабардар етеді.

Осылайша ауызша ғана шағым үшін басқарма басшылығының талабымен медициналық қызметкерлерге шара қолданылады.

Бірақ бұл шаралар Серікбол Мусиновке аздық етсе керек. Ол өзінің №12 бұйрығымен тәртіптіп жаза ретінде бас дәрігерге бірден қатаң сөгіс береді.

Құдай-ау, бұл жерде бас дәрігердің не жазығы бар? Бұдан да сорақы әрекеттерге барған, бюджет қаражатын далаға шашып, тіпті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының тергеуінен өткен (атын айтпай-ақ қояйық) бас дәрігерге жай ғана ескерту жасалады да, ал бір ғана емделушінің жазбаша да емес, ауызша шағымына бола Дамир Дәулетбаевқа қатаң сөгіс беріледі. Осы әділетті ме?

Тіпті, басқарма басшылығы бұл қызметтік жазбаны Д.Дәулетбаевқа таныстырмаған. Бұл ретте Онкология орталығының бас дәрігері оқиға бойынша науқас Е.Усатовадан жазбаша түрде шағым алынбағандығын және толыққанды тексерістің болмағанын айтып, қатаң сөгістің негізсіз берілгендігін жазбаша түрде мәлімдеген.

Негізі, ҚР Еңбек кодексінің 64 бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін ең бірінші ескерту, екінші, сөгіс, үшінші, қатаң сөгіс, содан кейін ғана барып төртінші, еңбек шартын бұзуға, яғни, жұмыстан шығаруға құқылы.

Ал бұл жерде басқарма басшылығы бірден үшінші норманы қолданып, заңды белден басып, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, білгенін істеп, билеп-төстегенін кімде болса байқайтыны анық.

Әрине, бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Дамир Дәулетбаев өмірінде қатаң сөгіс алмақ тұрмақ, бірде-бір рет ескерту де алып көрмеген жан.

Тіпті, ол негізсіз, заңсыз жұмысынан шығып кетіп бара жатқанда әріптес  қызметкерлері қимай, еріксіз жылап жібергендерін көрдік. Көбісі Дамир Дәулетбаевты қимайды. Оның әділетсіздің құрбаны болғанына қынжылуда. Шынын айтсақ, оның адамгершілігіне, адалдығына, әділ басшы болғандығына оны танитындардың ешқайсысы күмән келтірмейді.

Кезінде ол №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері болған. Ондағы медициналық қызметкерлер де оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өте әділ басшы болғанын әлі күнге дейін жыр қылып айтады.

Бітпейтін комиссия, таусылмайтын тексерулер дәрігерлерді қажытты

Оның үстіне, 9-қаңтарда Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының №2 бұйрығымен Онкологиялық орталықтың медициналық және қаржы-шаруашылық қызметіне мониторинг жүргізу мақсатында комиссия құрылыпты.

Бұл тексерістің әділетсіз, негізсіз өткендігін Алматы онкологиялық орталығының ұжымы алға тартып, заңға сәйкес жазбаша түрде денсаулық сақтау басқармасына түсініктеме жіберді. Өкінішке орай, басқарма басшылығы бұл дәлелдемелерді де жауапсыз, қараусыз қалдырған.

Ал 29-наурызда қалалық денсаулық сақтау басқармасының мүгедектердің үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен өткен жиналысы барысында есту қабілеті бұзылған мүгедек Елена Михайловнаның Онкологиялық орталыққа емдеуге жатқызу, мамандар қабылдауына кіру кезегі бойынша мәселесі қаралады.

Бұл ретте ол емдеуші дәрігерлерге, мамандарға, медициналық персоналға, сондай-ақ, емдеу процесіне ешқандай наразылық білдірмеген. Тіпті, ол бас дәрігермен жеке кездесуінде де дәрігерлерге ешқандай шағымы жоқтығын растады. Ол қайта жазбаша түрде дәрігерлердің өзіне сыпайы қарағанына алға тартқан.

Бірақ емделуші Елена Михайловнаның кезек туралы жазбаша емес, ауызша шағымы негізінде Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Мусиновтың №62 бұйрығымен Онкологиялық орталыққа және бір тексеру жүргізу үшін комиссия құрылады.

Мұны енді бас дәрігердің соңына шам алып түсу деп айтпасқа лажымыз жоқ. Әйтпесе, дәрігерлер қайта науқастардың барлық жағдайын жасап, өз міндеттерін мінсіз атқару секілді басқа да сұрауы көп жұмыстармен айналысудың орнына бітпейтін комиссия мен тексерулерге уақытын бөліп сабылуға мәжбүр болған.

Бұдан кейін біздің дәрігерлер қалай бәсекеге қабілетті болады, денсаулық сақтау саласы қалай жақсарады?

Осылайша 9-қаңтардағы алдыңғы №2 бұйрық негізінде құрылған комиссия шешіміне байланысты көтерілген мәселелерге обьективті және заңды қарауды қамтамасыз етудің орнына басқарма басшылығы бір айға жетер-жетпес 30-наурызда онкологиялық науқастарға медициналық қызмет көрсету сапасын бағалау бойынша тағы да комиссия құрып, тексеріс жүргізген.

Алайда, бұл тексеру де өрескел заң бұзушылықпен өтеді. Бұйрық негізінде тексеруге 7 адам бекітілгенімен, шын мәнісінде 16 маман тексеріс жүргізген.

Оның үстіне, қосымша тексеру құрамы, олардың тексеріске қандай бағытта тартылатындығы бас дәрігерге айтылмаған.

Тіпті, мұны Алматы онкология орталығының қызметкерлері ұжым болып қол қойып тұрып, тексеру барысында жіберілген барлық құқықбұзушылықтарды егжей-тегжейлі көрсетіп берген болатын.

Дегенмен бұл ұжымдық өтінішті де қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы қараусыз қалдырған. Сонымен қатар бас дәрігердің өз дәлелдерін келтіру үшін бірлескен отырыс өткізу туралы ұсынысы да еленбепті.

Осыдан кейін 20-сәуірде басқарма басшылығы Дамир Дәулетбаевпен еңбек келісім шартын бұзу туралы бұйрық шығарып, негізсіз жұмыстан шығарады. Қайта керісінше олар қалалық онкоорталық ұжымының екі қызметтік тексеріс нәтижелеріне негізделген келіспеушіліктерін қараудың орнына, заңды белден басып, қарапайым дәрігерлерді есінен тандырып, бас дәрігердің еңсесін езіп, жаншып тастайды.

Қаржы шашқан өседі, жұмысты адал атқарғандар өшеді…

«Айтпайын десең де – айтқызады, жазбайын десең де – жазғызады» демекші, мына жерде бір шындықты ашып айтпасақ болмайды.

Осы материалды жазар алдында қоғамдық мәселелерге үнемі белсенділік танытып жүретін Берік Әдиев ағамызбен кездестік. Ол кісі бұған дейін №1 қалалық клиникалық ауруханада Еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік инженері болып қызмет істеген-ді. Енді сол кісінің айтқанына назар аударайық.

Мен Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусиновтың бұл әрекетіне наразымын. Өйткені, №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері тендерден бөлінген қаражаттың бақандай 2 млн. 200 мың теңгесін далаға шашты. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Алматы қаласы бойынша департаменті тексеріп, анықтаған-ды.

Тіпті, аурухана бас дәрігеріне қатысты шара қолдану туралы денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жібереді. Бірақ басқарма басшысы Серікбол Мусинов оған жай ғана ескерту береді де, ал өз ісін адал атқарып отырған иманды, бір емес, екі рет қажылыққа барып келген Дамир Дәулетбаевқа қайдағы бір ауызша шағым үшін қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан босатты. Сонда әділеттілік қайда?

Мен бұл мәселені С.Мусиновтың қабылдауында болғанда айтқанмын.

Ол: «маған не істеу керектігін үйретпе, өзім білемін» деді.

Менмендікке салынған Мусинов 2 миллионнан астам мемлекет қаржысын желге шашқан №1 қалалық клиникалық аурухананың басшысын өсіріп, одан да үлкен емдеу мекемесіне – №7 қалалық ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындады.

Көрдіңіз бе, ауышза шағым үшін біреу жұмыстан босайды, ал біреу бюджет қаржысын игере алмаса да өсіп кетеді.

Осылайша Мусинов қаржы полициясын да пысқырмай, тіпті Елбасының жемқорлықпен күресіңдер деген талабын да орындамады, – деп ашынады Берік Әдиев.

Негізі, ел саулығына ерекше үлес қосып келе жатқан Дамир Дәулетбаевтың еңбегі елеусіз қалған емес. Ол медицина ғылымының докторы, профессор, «Алтын дәрігер» медаліне ие болған. Сонымен қатар ол Денсаулық сақтау саласына қосқан сүбелі үлесі үшін «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

Енді осындай білікті кадрды керексінбей күресінге итеріп тастауға бола ма?.. Емдеу мекемелерін басқарып жүрген тәжірибелі мамандарды ауызша шағымға бола қатаң сөгіс беріп, жұмыстан босата берсек, Алматыда жібі түзі бас дәрігер қалмасы анық.

Бір қызығы, келісі бір бас дәрігер мемлекет қаржысын шашып,  ескерту алса да қызметте өсіп жатқанын көріп отырмыз. Мусиновтың кадрды бағалаудағы мұндай тәсілі Алматының денсаулық сақтау саласын орға жығуы мүмкін.

Енді бұл жерде кімнің ақ, кімнің қара екенін ажыратып алуды патша көңілді оқырманның өзіне қалдырайық.

Серік Жұмабаев, журналист

dalanews.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз