ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ ҚК отырысында сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген мәлімдемесін халықаралық қауымдастыққа деген маңызды үндеу ретінде қарастырған жөн. Қазіргі таңда халықаралық қауіпсіздік деңгейі төмен екенін байқауға болады. Ядролық қару қақтығысының қайталану қаупі өршіп тұр. Содан соң аймақтық және жалпы жаһандық деңгейде қарулы қақтығыстардың ықтималдылығы өсіп жатыр. Бұл қақтығыс географиясының ұлғаюына әкеледі. Солтүстік Корея және Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан қатынастардың бәрі ұлтаралық қауіпсіздік жағдайының нашар екенінен хабар береді. Сондықтан қазақстандық тарап осы жағдайда не істеу керегін талқылап, алпауыт мемлекеттер арасындағы сенім шараларын күшейту керегін айтады. Себебі олай жасамасақ әлемде қайтадан қару-жарақ жарысы басталып кетуі мүмкін. Одан бөлек ядролық қарудан азат ету әрекеттерін жалғастыруымыз керек», – деді ол.
«Қару-жарақ аймағының, жалпы қару-жарақтың көлеміне шектеу қоймасақ жаппай қырып-жою қаруы лаңкестердің қолына түсу қаупі бар. Сол үшін БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына дейін ядролық қарудан бас тарту бойынша нақты қадамдар жасау қажет. Ядролық қаруы бар мемлекеттердің әлемдік қауымдастығы жауапкершілігін сезінуге шақырып, ядролық қақтығысқа ешқашан жол бермеу керек», – деді Жұмабек Сарабеков.