Қазақстан даму деңгейі ең жоғарғы елдер тізіміне енді. БҰҰ Даму бағдарламасының адам әлеуеті туралы баяндамасында еліміз 58-орынға жайғасқан.
Ал Норвегия, Швейцария, Австралия, Ирландия және Германия көш басында тұр. Алпауыт АҚШ 13, Ресей 49-тұғырда. Құжатта барлығы 189 мемлекетке рейтинг жасалса, оның 59-ы ең жоғарғы нәтиже көрсеткен. Еске салайық, 2012-2017 жылдар аралығында Ирландия үздіктер көшін бастап келді.
Қазақстанда биыл 3200-ге жуық кәсіпорын банкротқа ұшырады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Бұған қоса «Атамекен» Ұлттық палатасына бизнесті қолдау бойынша 22 мың өтініш келіп түскен. Мамандар жыл сайын саладағы құқық бұзушылық жағдайы артып келе жатқанын баяндады. Әсіресе тасымал бойынша келісімнің бұзылуы 6 есеге артқан. Тауарды жеткізудегі олқылықтарға жол беру де көбейіпті.
Үшінші кезекте, жерді тартып алу мәселесі бар. Қазақстан бойынша 2500-нан аса дау-дамай тіркелген.
Рустам Жүрсінов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы:
-Бұл мемлекеттік органдардың жер телімдерін беру барысын дұрыс сақтамауынан болып отыр. Көптеген әкімдіктер аукцион арқылы беру бойынша жер кодексі нормаларын аяқ асты етеді. Соңғы 3-4 жылда кәсіпкерлер иелігін белгілеп, қаражатын құйған, осылайша бір терезе қағидаты арқылы ХҚКО-нан өз учаскелерін алған. Ал әріқарай әкімдіктердің қандай талап бойынша жұмыс істегені беймәлім. Жағдай қиындап келеді».
Кәсіпкерлікті дамыту бар да, оған тікелей қатысты адамдарды қолдау бар. Кейде олқылықтарға жол беріліп жататыны өкінішті. Дегенмен, осы жағдайға байланысты алдағы күндері арнайы келісімшарттар банкі іске қосылады. Оған 500-ден аса құжат енеді деп көрсетілген. Оны жүктеген кез келген шағын және ірі кәсіп өкілдері жеке келісімшартын жасау мүмкіндігіне ие болады .
133 қазақстандық жас Түркияның 6 жоғары оқу орнында білім алатын болады. Олар әлемдегі 250 үздік университеттің қатарында. Бұл «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кеңейгеніне дәлел. Келешекте тағы 15 білім ордасымен келісім орнату көзделген. Еске салайық, өткен жылы Қазақстанда 240 түрік студенті білім алған, олардың саны биыл 300-ден асты.