Ташкентте НАТО-ның Орталық Азия елдерімен өзара байланыс жөніндегі бюросы құрылымдық өзгерістерге байланысты 1 сәуірден бастап қызметін тоқтатты деп хабарлайды РИА Новости агенттігі бюро қызметкеріне сілтеме жасап.
«Кеңсені жабу рәсімі аяқталды, 2017 жылдың 31 наурызынан бастап бюро қызметін тоқтатты. Енді Орталық Азия елдерімен байланыс тікелей Брюссель арқылы жасалынады», – деген бюро өкілі.
“Өзбекстан тарабынан да, өзге мемлекеттерден де біздің кеңсе қызметкерлеріне ешқандай қысым болмады. Керісінше, аймақтарда бізді құшақ жайып қарсы алды, тиімді жұмыс істедік. НАТО Орталық Азияға стратегиялық басымдық береді. Сәуір айынан бастап біздің қарым-қатынасымыз тікелей Брюссель арқылы жалғасын таба береді”, – деген Розария Пульизи.
НАТО-ның Орталық Азиямен өзара қарым-қатынас жасау жөніндегі Бюросы Ташкентте 2014 жылдың мамыр айында ашылған.