Қазақстанда адам ағзасын еркінен тыс алып қоюға және оны біреуге салу немесе оны саудалауға Қазақстанның „Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы„ кодексімен тыйым салынған.
ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында
Қазақстанда адам ағзасын заңсыз ауыстыру фактісі алғаш рет 2015 жылы тіркелген.
Тергеу кезінде тараптар 15 мың АҚШ долларына бүйректі сатып, оны салып беруге уағдаласқаны белгілі болды. 2016 жылы бүйректі сатып алушы 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылған.
2017 жылы Алматыда заңсыз бүйрек трансплантациясы тіркелген. Бұған қатысты қазір тергеу ісі жүргізіліп жатыр екен.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабы, яғни „Адам ағзасы мен тіндерін еркінен тыс алып қою немесе соған мәжбүрлеу„ бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», – деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев.
Айта кетелік, бұл қылмысты ұйымдастырушымен қатар, арандатушы мен сыбайласы да қылмысқа қатысы бар деп танылады.
Алдында Қазақпаратқа сұқбат берген Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығы басқармасының басшысы, Алматы қаласының бас трансплантологы Болатбек Баймаханов Қазақстанда заңсыз трансплантацияның болуы мүмкін емес екенін айтқан.
«Бұл абсурд қой, оның кімге керегі бар? Неге заңсыз ағзаны алмастырады, егер елімізде бұл ота түрі заңды болса. Қандай хирург басын бәйгеге тігіп, қандай да бір жертөледе осындай іспен шұғылданады дейсіз?
Заңсыз трансплантация деген мүмкін емес. Өйткені трансплантация бұл қолымен басып көріп, оны кесіп, сала салатын нәрсе емес. Бұл – 40-45 адамды қажет ететін өте ауыр процесс.
Оның ішінде хирургтер, анестезиологтар, медбикелер де бар. Ота кем дегенде 20 сағатқа созылады. Біз барлық трансплантологтарды танимыз, олар өте аз», – деп атап өтті Баймаханов.
Бүгіндері Қазақстанда 3 мыңға жуық адам ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұр, оның 80 процентіне бүйрек, 15 процентіне бауыр керек екен.