Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
3
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Бүгінде салымшылардың барлығы дерлік өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін жақсы біледі – БЖЗҚ

567

Кезінде БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілі ретінде пошта байланысын таңдаған салымшылар мен алушылардың шамамен 8 пайызы осыдан бір жыл бұрын ғана өз жинақтарының жай-күйін уақытылы қадағалау мүмкіндігінен жұрдай болатын. Әрине, бұған кінәлі өздері. Адамдар тұрғылықты мекенжайларын, телефон нөмірлерін өзгерткен кезде Қорға бұл туралы хабарлағылары келмеген немесе хабарлауды ұмытып кеткен. Сондықтан жеке зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірмесі бар хаттар, иесі табылмаған соң, Қорға қайтарылды. Алайда жыл соңына қарай жағдай біршама жақсарды. Зейнетақы шоты туралы ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдаған салымшылардың саны біртіндеп артып жатыр.

БЖЗҚ зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң бойынша әрбір адамның

бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өз міндеттемелерін орындауына әсер ететін өзгерістер болған жағдайда, күнтізбелік 10 күн ішінде Қорға хабарлауға міндетті екендігін тағы да еске салады.

– Қормен байланыста болу өте маңызды, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры Жанара Төлегенова, – біріншіден, салымшы не алушы өзінің зейнетақы шотының жай-күйін біліп отырады. Екіншіден, БЖЗҚ-мен осындай тығыз байланыс орнатылған жағдайда, Қор салымшылар мен алушылардың есебін айна-қатесіз жүргізеді.

Қазіргі кезде салымшылар мен алушылар зейнетақы шоттарының жай-күйі туралы ақпарат алудың 5 түрлі тәсілін пайдалана алады. Олар:

  • БЖЗҚ-ға тікелей өзі бару;

  • электрондық тәсіл – жеке зейнетақы шотының ашылғаны туралы өтініште немесе бөлек келісімде көрсетілген электрондық мекенжайға (e-mail) хабарлама жіберу;

  • электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе пайдаланушылардың тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен паролінің (құпия сөз) көмегімен enpf.kz сайты;

  • дәстүрлі пошта байланысы;

  • электрондық үкімет порталындағы Жеке кабинетке кіру арқылы.

Айтпақшы, ақпарат алудың соңғы тәсілін қолдану үшін қазіргі уақытта электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Жақын уақытта «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметін бір реттік парольді қолдану арқылы пайдалануға болады. Бұл ретте зейнетақы шоты бойынша ақпарат «Азаматтардың мобильді базасына» тіркелген азаматтың ұялы телефонына sms-хабарлама ретінде жіберіледі.

БЖЗҚ мамандары салымшыларға жеке зейнетақы шоты туралы ақпаратты дәстүрлі пошта байланысына қарағанда электрондық тәсілдер арқылы алудың ыңғайлы екендігін ерекше атап көрсетті. Біріншіден, қызметті алу жылдамдығы әлдеқайда жоғары болады. Екіншіден, салымшы (алушы) қайда тұратындығына қарамастан шотының жай-күйі туралы ақпаратты тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы алып отырады. Үшіншіден, онлайн-хабарлау – жинақтар туралы ең соңғы жаңалықтарды біліп отыруға мүмкіндік береді.

Әлбетте, зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірмені пошта арқылы алатын адамдар әлі де бар. Мысалы, 2017 жылдың 1 қаңтарына қарай зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты пошта байланысы арқылы алушылардың саны 2 миллион 188 мың адамды құрады. Бір жылдан кейін олардың саны 384 мың адамға азайды. 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тағы 270 мың қазақстандық өз жинақтары туралы ақпарат алудың басқа тәсілін таңдаған.

БЖЗҚ-мен интернет арқылы байланысу жолын таңдаған салымшылардың (алушылардың) саны жылдан-жылға өсіп жатыр. 2017 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 2,6 миллион адам болса, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай 4 миллион адамға жетті. Ал 2018 жылдың аяғына қарай Қордан ақпаратты интернет арқылы алушылар саны 5 миллионнан асты.

Сондай-ақ БЖЗҚ бөлімшелеріне де адам көп келеді – биылғы жыл аяқталмай жатып 2 миллионға жуық адам келіп үлгерді. Соған қарамастан БЖЗҚ-да әлі де ақпарат алудың бірде-бір тәсілін таңдамаған 1,2 млн салымшы бар. Бірақ олардың саны ай сайын азаюда.

– Халықты хабардар ету көрсеткішін жақсартуға салымшылармен жүргізілген күн сайынғы қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді, – дейді Жанара Төлегенова, – одан бөлек, Қор бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түрде байланысқа шығады, қызметкерлеріміз түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ірі кәсіпорындарға, алыс ауылдар мен шағын қалаларға барып тұрады. Негізгі ұстанымымыз – көрсетілетін қызметтерді барынша ашық, сапалы және қолжетімді ету. Сондықтан біз салымшыларымыз (алушылар) үшін ақпарат берудің бірнеше балама тәсілін іске қостық. Оларды жетілдіруді одан әрі жалғастырып жатырмыз.

Айтпақшы, өз жинағына қызығушылық танытпайтындардың қатарында тұрғындардың басқа да санаты бар. Олар – шоттарына ұзақ уақыт бойы жарна түспеген азаматтар. Бұл «ұйқыдағы» шоттардың иелері көп жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар.

– Біз 574 мыңнан астам адаммен байланыс орнаттық. Солардың ішінде 113 мыңнан астам адам өздерінің шоттарына ақша аудара бастады. Жалпы алғанда 2018 жылдың 10 айы ішінде олардың шоттарына 1,8 миллиард теңгеден астам қаржы салынды, – дейді «БЖЗҚ» АҚ-ның Басқарушы директоры.

Адамдардың зейнетақы шоттарына жылдар бойы ақша аудармауының себебі көп. Көпшілігі алдымен жұмыссыздық мәселесін алға тартады. Кейбір әйелдер ұзақ уақыт декреттік демалыста отырып қалғандықтан шоттарын толықтырмай қойған. Бірақ мынадай да жағдайлар кездеседі – жұмысшылар айлық жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына жұмыс берушілерінің уақытылы аудармай жатқанын БЖЗҚ қызметкерлерінен естиді. Міне осындай жағдайлар болмауы үшін әр салымшы тұрақты түрде зейнетақы шотының тағдыры не болып жатқанын біліп отыруы тиіс. Өйткені болашақта дәл осы қаражат зейнеткердің негізгі табыс көзіне айналады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз