Бүгін елордалық «Астана» футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі соңғы ойынын өткізеді. Олар Францияның «Ренн» командасымен кездесіп, K тобындағы екінші жолдамаға таласатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазір турнир кестесінде «Астана» 8 ұпаймен екінші орында келеді. Ал «Ренн» командасының қоржынында 6 ұпай бар. Бүгінгі кездесуде француз клубы жеңіске жеткен жағдайда екінші орын солардың еншісіне тиеді. Соның нәтижесінде «Ренн» екінші жолдамаға қол жеткізеді.
Ал біздің «Астана» үшін кем дегенде тең ойын жетеді. Бірінші жолдама Киевтің «Динамо» командасына ертерек бұйырды. Олардың еншісінде қазір 11 ұпай бар.
«Астана» командасы 29 қарашадан бастап ешқандай ресми ойын өткізген жоқ. Сол күні Еуропа біріншілігі топтық кезеңінде Киевтің «Динамо» клубымен кездекені белгілі.
Елордалық клуб биыл бесінші мәрте Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді. «Реннмен» кездесуге дайындығын ерте бастады. Ал 9 желтоқсан күні команда Францияның үшінші дивизионында ойнайтын «Шамбли» футбол клубына қарсы жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында елордалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Бұл кездесу бүгін сағат 23.55-те басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.