Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
13
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Бозымбаевтікі былжырақ”. Депутат министрдің бензинге қатысты өтірігін ашты

144

Ал Бозымбаев не дейді? Не деуші еді? Халықты ығыр қылған, баяғыдан жаттап алған екі сөзі бар: біздегі үш мұнай өңдеуші зауыттардың кезек-кезек күрделі жөндеуге тұруын айтады, одан соң Ресейге бензин жағынан тәуелділігіміз, кішкене күте тұрыңыздар, әне-міне біз Ресейге тәуелділіктен құтыламыз дейді.

Министрдікі – баға өскен сайын ел алдына шығып әйтеуір бір сылтау айтып құтылу ғой. Мұны білікті мамандар түгілі қарапайым жұрт та біліп алған. Қазір министр сөзіне ешкім сенбейді. Ал өтірік айтудан жалықпайтын министрлер, мүмкін білмейтін шығар, халықтың мына жақта қарғап-сілеп жатқанын. Иә, кім өзін басынып, бетіне өтірік айтқан адамды жақсылықпен жарылқай қоюшы еді? Бірақ тарыққан жұрттың осы күйге түсіргендерді әзірге әбден сыбап, кіжінгеннен басқа амалы болмай тұр. Қалай дегенмен де іштегі қыжылды бірдеме қылып шығару керек қой.

Міне, жұрт бір ілік таппай осылай іштей қарайып жүргенде бір депутат Бозымбаевтың құпиясын ашып қойды.

Сөйтсек министр расында да елді алдап жүр екен. Тапшылық деген қолдан жасалады. Ал айтып жүрген сылтаулары жәй әшейін былжырақ екен.

Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев шенеуніктер нарықтағы жағдайды қолдан ушықтырып отырғанын айтып салды.

Негізінен, елімізде Атырау, Шымкент, Павлодардағы ірі мұнай зауытынан бөлек аймақтарда тағы 32 шағын кәсіпорын бар.

Энергетика министрлігі сол кіші зауыттарға тек өңдеумен айналысуға рұқсат етіп, мұнай өнімдерін сатуға тыйым салыпты. Ал олар жылына 6 миллион тонна жанармай шығаруға қауқарлы. Бірақ тыйымның салдарынан кәсіпкерлердің қолы байлаулы. Соның кесірінен ішкі нарықта жанармай тапшы, баға да күн сайын құбылып тұр.

– Жоқшылық пен қымбатшылықтан құтылу үшін сол 32 шағын зауытқа бензин мен дизель отынынан басқа да мұнай өнімдерін саудалауға рұқсат беру керек, – дейді депутат.

Ерлан Барлыбаев Энергетика министрлігі үш зауыттың жөндеуде тұрғанын айта бермей, шағын кәсіпорындарға бензин өндіруге мүмкіндік берсе, тапшылық деген болмайтынын айтады. Оның пікірінше, Энергетика министрлігі бұл мәселені 2014 жылы шешуі керек болған, өйткені сол кезде Елбасы ішкі нарықты толық отандық жанармаймен қамтамасыз етуді тапсырған.

Ал қазір 2017 жыл, 3 жыл өтті, біздің импортқа тәуелділігіміз әлі 30 пайызды құрайды. Сонда бұл қалай? Бозымбаев Ресей бензинін Қазақстан халқына қымбат бағаға сатумен айналысып отыр ма? Неге халықтың емес, сырттың мүддесі жоғары тұрады? Бұл сатқындық емей немене?..

Айта кетелік, 2016 жылдың 1 сәуірінде АИ-92 маркасындағы бензин 125 теңге болған болатын, ол қараша айында 128 теңгеге көтерілді. Ал 29-қарашада АИ-92 маркасындағы 1 литр бензин 130 теңгеге шықты. Жылдың аяғында баға 134-135 теңгені еңсеріп қойды. Ал 2017 жылдың басынан бері бензин бағасы тағы да үш рет өсті: қазір баға 143 теңге маңына келіп, тізгін қағып тұр. Бұл да уақытша секілді…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз