Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
24
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Шымкенттік кәсіпкер Қайрат Молдасейітов баршаға үлгі

287

Бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында мыңдаған кәсіпкер тіршілігінің тасын өрге домалатып отырғаны мәлім. Сол жәрдемнің қайтарымы ретінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі жайдан-жай қозғалып отырған жоқ.

Жалпы, елімізде жәрдемге зәру азаматтар аз емес. Әсіресе, қоғамның әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтары қолдауға көбірек мұқтаж. Соларға жәрдем көрсетіп, қол ұшын созу – дамы­ған қоғамның бірден-бір белгісі. Себебі, өркениетті елдерде әлеу­меттік мәселелерді шешуге атсалысуды бизнесмендер өзіне абырой санайды, қоғам алдындағы парызы деп түсінеді. Өкінішке қарай, біздегі қалталылар тек кейбір акцияларға арнайы шақыру алғанда немесе жергілікті би­ліктің сұранысы бойынша ғана қозғалады. Ал қазіргідей дағдарыс өріс алған заманда кәсіпкерлердің қайырымдылығы азая түскені де шындық.

Шым­кентте өткен «Біз біргеміз!» қайы­­рымдылық акциясының қоғамдық мән-маңызы зор болды. Мүм­кіндігі шектеулі азаматтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту және оларға көмектесу мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шара әсіресе қалталы азаматтарға жақсы ой салуы тиіс. Аталмыш акцияға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев демеушілік жасаған жомарт азаматтарға алғысын білдіре отырып:
«Конституцияға сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттің барлық азаматтарымен теңдей құқықтары бар. Сол себептен, біз осы отандастарымызға барынша қолдау жасап, үнемі жағдайын жақсартып отыруға тиіспіз», деп пікірін білдірді.

Іс-ша­ра барысында демеушілік жаса­ған азаматтарға Алғыс хат табыс етілді.

Осы марапатқа ие болған кәсіп­кердің бірі – Қайрат Молдасейітов. Бизнес әлемінде көптеген биіктерді бағындырып, оңды тірліктерімен танылған «Отау строй» ЖШС-ін ел қайырымды істері арқылы да жақсы біледі.

Құрылыс саласының үздігі саналатын «Отау строй» компаниясының бас директоры Қайрат Молдасейітовке шын жүректен алғысын айтып, ризашылығын білдірген жандарды көптеп кездес­тіруге болады. Жасаған жақ­сы­лығын жарнамалайтын әдеті жоқ, есесіне оның беріп жатқан көме­гінің, атқарып отырған қайы­рымды істерінің ауқымы кім-кімді болсын таңқалдырары сөзсіз. Кезінде Түркістан мен Шым­кент қаласын басқарған Қай­рат Құсейін­ұлы іскерлік және ұйым­дас­тырушылық қабілетімен танылып, әкім лауазымындағы атқарған жұмысына да жоғары баға алды.

«Отау стройдың» елге жасаған қайырымдылығына қарап отырып, компания басшысының адамгершілік қасиеті мен дархан пейілін түсінесіз. Компанияның демеушілігімен Түркістан қала­сында 16 пәтерлі тұрғын үй салынып, барлық пәтерлердің кілті баспанасыз жүрген мүгедек жан­дарға табыс етілді. Бірлі-жарым пәтер сыйлау елімізде бар болға­нымен, көп пәтерлі тұрғын үйді басыбүтін мұқтаждарға беру Түркістанда бұрын-соңды болма­ған қайырымдылық.

Бүгінде еліміздегі басты әлеу­меттік мәселелердің бірі баспаналы болу ғой. Тіпті, денсаулығы жақсы, жайлы жұмысқа ие талай адам тұрмыстың тауқыметін көріп, тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүргенде пәтерге ие болған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қуанышты көңіл-күйін түсінуге болады. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дегендей, «Отау стройдың» демеу­шілігімен тұрғызылған бұл ғимараттар жоғары сапасымен ерекшеленеді. Тіпті, қажетті су есептегіштеріне дейін орнатылған.

– «Отау строй» компаниясы демеуші ретінде салып берген пәтерлерге ие болып, бір қауым ел қоныс тойын тойлағанбыз. Өзім мүгедек жанмын, бір аяғым жоқ. Талай жыл пәтер жалдап тұрдым. Әкімшілікке тұрғын үй кезегіне де тұрғанмын. Отбасымда екі балам бар. «Отау строй» бұл сауапты іске өте жауапкершілікпен қарады. Үй жылы суға, орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған, яғни барлық жағдайы жасалған, – деп ризашылығын білдіреді пәтер иелерінің бірі Мақсат Батырханов.

Түркістанның тағы бір тұр­ғыны Эльмира Оразалиева «Өзім де, күйеуім де мүгедектімізге бай­ланысты жәрдемақы аламыз. Осы пәтерді алмай тұрып, кө­шіп-қонып, қатты қиналған едік. Бұған дейін 8 жыл пәтер жалдап тұрғанбыз. Оның үстіне 2011 жылы туылған балам аяқ астынан ауырып, мүгедек болып қалды. Балам жүре алмайды, азаннан кешке дейін төсекте жатады. Жаңа пәтердің барлық жағдайы жасалған. Үй өте ыңғайлы жерде орналасқан, балалардың мектебі де жақын. Айтар алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды.

Бұдан бөлек, Қайрат Молда­сейітов өз қаражатына дәл осы қасиетті қалада мүгедек балаларды оңалту орталығын да салып берді. Кезінде Елбасымыздың «Кемтар балаларды әлеуметтік медициналық қорғау туралы» заңына сәйкес ашылған бұл мекеме бұған дейін көшіп-қонудан көз ашпай, бірнеше рет ғимарат ауыстырып келген болатын. Әуелі аудандық қаржы бөлімінің ғимаратында, кейіннен салық басқармасындағы бөлмелерді жалға алып отырды. Тіпті, мекеме қызметкерлері мен тәрбие­ленушілерінің шап-шағын 2 бөл­меде отырған кезі де болған. Әри­не, мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі балаларға өте ауыр тиді. Қазіргі таңда мұнда 80 оқушы бар. Соның ішінде мүгедек саналатын балалардың саны – 33. «Отау строй» сыйлаған жаңа ғимараттың іші кең, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Әр мұғалім жеке бөлмеде отырады, балалармен жеке сабақ өткізеді. Айта кетейік, Оңтүстіктегі дәл осындай 16 ұйымның ішінде тек Түркістан қаласындағы мекеменің ғимараты демеушілікпен салынған.

Сондай-ақ, Қайрат Молда­сейітов Жамбыл облысының Қордай ауданында 100 орындық балабақша мен мешіт салып берді. Көршi қырғыз елiмен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қаракемер ауылында үлкен спорт кешені мен емхананың да тұсауы кесілді. Енді заманауи кешенде аудан жасөспірімдері спортпен шұғылданып, үлкен жарыстарға дайындық жасауға мүмкіндік алса, ауылдағы медициналық қыз­мет көрсетудің деңгейі де жақсара түсті. Бұл ауқымды жоба­лардың барлығы да компания қаражатының есебінен жүзеге асты. Осы ауылдың түлегі Қайрат Молдасейітов туған ауылы, білім алған қасиетті шаңырағы мен ұстаздарына, жалпы жерлестеріне деген құрметін, тағзымын, ыстық ықыласын осылайша білдірді. Кәсіпкер-меценат, әсіресе, көп балалы отбасыларға қарасып тұрады. Оның бір себебі өзінің де көп балалы отбасынан шығуы болса керек. 10 ұл-қыз тәрбиеленген отбасынан түлеп ұшқан Қайрат Құсейінұлы бүгінде 6 перзенттің бақытты әкесі.

«Отау стройдың» Шымкент қаласында атқарған игілікті істері өз алдына бір төбе. Әсіресе АИТВ (ВИЧ) індетіне шалдыққан балаларға берген көмегін ерекше атап өту қажет. 2006 жылы Оңтүстіктегі 180-ге жуық бала меди­цина мамандарының салғырт-салақтығы салдарынан атың өшкір жұқпалы ауруды жұқтырғаны мәлім. Бейкүнә балалардың өмірін өксіткен оқыс оқиғаға кінәлілердің бірқатары сотталғанымен, бәрібір олардың балталанған тағдыры бүтіндеуге келмейтіні жүрегіңді ауыртатын-ақ жайт. Рас, мемлекет оларға қажетті дәрі-дәрмектерін беріп жатыр. Сол жылдары бүкіл қоғам болып қаражат жинап, зардап шеккен отбасыларға жәрдем көрсетілді. Бірақ, бұл бір реттік акция ғана. Ал өмір болса жалғасып жатыр. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған сол балалар бүгінде есейіп, оң-солын танитын, ал, ересектері отбасы құрайтын жасқа да жетті. Өкінішке қарай, біздің қоғам қауіпті індетке ұшырағандарды әлі қабылдай қоймады. ВИЧ дертіне шалдыққан балалардан құбыжық көргендей қорқады. Ал бірақ, бұл балалар ешқашан да, ешкімнен де шетқақпай көрмеуі тиіс. Сондықтан, қатерлі ауруға ұшырағандар пси­хологиялық көмекке аса зәру. «Болашақ» ақпараттық қолдау орталығы деп аталатын мекемеде бүгінде ВИЧ дертін жұқтырған балалармен бірге тілінде мүкісі, денесінде кемістігі бар 40-жуық бала тәрбиеленуде. Оларға педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандар қызмет көрсетеді.

Мұндай мұңға оранған бала­лардың құқын қорғау мақсатында «Балаларды ЖҚТБ-дан қорғау» қоғамдық қоры да құрылды. Алайда, жылдар бойы оның қыз­меткерлері жеке ғимараттың жоқтығынан жалға алған бөл­мелерді паналап келді. Тек 2014 жылы өмір сынағына түскен балаларды қамқорлығына алған қо­ғамдық қор ұжымы «Нұрсәт» шағын ауданында бой көтерген жаңа ғимаратқа қоныс аударып, мәре-сәре күй кешті. «Ақпараттық-оңалту орталығының» ашылуы «Балаларды ЖҚТБ-дан қорғау» қоғамдық қорының, дертке шал­дыққан балалар мен олардың ата-аналарының жабырқау көңілін бір жұбатып тастады. Ендігі жерде бұл жаңа орталық қатерлі дертке ұшыраған балаларды қоғамға барынша бейімдеу мақсатындағы жұмысты одан әрі сапалы түрде жалғастыратын болады.

Алыстан менмұндалап тұрған осы зәулім орталықты жеке қар­жысына салып берген жомарт жүректі, мол мейірімді абзал азамат Қайрат Молдасейітовке қоғамдық қордың ұжымы, балалар мен ата-аналар шексіз риза. «Молдасейітов қала әкімі болып тұрғанында бізге арнайы келіп, жағдайымызды көрген соң көмектесуге уәде берді. Бірақ, артынша қызметінен кетіп, бизнес­ке оралды. Шынымды айтсам, бізге берген уәдесін ұмытқан шығар деп ойладым. Алайда ол сөзінде тұратын нағыз ер азамат екен, біздің қор үшін осындай тамаша ғимарат салып берді. Бұрын арнайы семинар-тренингтер өткізіп, халықты, әсіресе, жастарды оқытуға мүмкіндік жоқ еді. Енді оған жол ашылды. Орталықта заңгер, әлеуметтік қыз­меткерлер, психологтар қызмет көрсетеді», дейді қоғамдық қордың төрайымы Жанетта Жазық­баева. «Ақпараттық-оңалту орта­лығының» барлық бөлмелері жиһаз­дармен жабдықталған. Онда ұлдарға бөлек және қыздарға бө­лек арналған, жасауы түгел бөл­мелер дайындалған.

Қайрат Молдасейітовтің кредосы – бизнесінен түскен табысынан жыл сайын дәстүрлі түрде елдің игілігі үшін әлеуметтік маңызы бар нысанды тапсырып отыру. Осы ұстанымынан көп жылдан бері айныған емес. Бұл әсіресе тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында да айрықша маңызға ие. Себебі, еліміздегі жетістіктердің барлығы, оның ішінде бизнестің де өркендеуі ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсап келген Тәуелсіздіктің арқасы, Елба­сының кәсіпкерлерді қолдау саясатының арқасы. Осыны ескере отырып, «Отау строй» компаниясы қазіргі таңда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлымен және қала әкім­дігімен ақылдасып, жаңа жобаны іске асыру бағытында жұмыс атқаруда. Әзірше бұл Шымкент қаласында мүгедектерге арналған әлеуметтік орталық болады деп болжануда. Расында, «Қайрат Құсейінұлынан еліміздегі көптеген кәсіпкерлер үлгі алса екен» деген пікірлерді жиі естиміз. Елімізде Молдасейітовтен де дәулетті бизнесмендер баршылық қой. Олар да мұқтаждарға дәл осы азаматтай қарасып, жанашырлық танытар болса, халықтың әл-ау­қаты анағұрлым жақсара түсер еді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз