Қазақстандық танымал спортшы, мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен таяудағы Францияда көрсеткен өз өнері кезінде Димаштың орындауындағы әнді таңдады.
Ницца кубогына таласты тамашалауға келген француздықтар үшін бұл әуен өте таныс әрі жақын еді. Ол Димаштың жолын ашқан ән деп те саналады. Денис те сәттілік сыйлар деген үмітпен өз таңдауында осы әнге тоқталған секілді.
Енді Денис Тен осы әнмен 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадада өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетелік, Қытайдағы «Singer – 2017» ән байқауына қатысып, ерекше дауысымен, дара талантымен әлемге танылған Димаш Құдайберген француз тіліндегі «SOS d’un terrien en detresse» («Жабырқап жүрген жер тұрғынының SOS сигналы» – қаз.) атты әнін ең бірінші турда орындап, елді шалқасынан түсірген. Өйткені 5 түрлі дауысқа салуды талап ететін бұл әннің өзіндік қиындықтары бар. Бірақ Димаш дауысын мың құбылтып, оны еш қиналыссыз оп-оңай орындап шықты.
Димаштың осы әнді орындап, сахнаға шыққанда киген кәстөмі де қымбатқа сатылып кеткен еді.
https://www.youtube.com/watch?v=8p1e0YjFiqw