Қырғызстанда тағы да көтеріліс болды. Наразылық білдірушілер Ақ үйді, Бішкек мэриясын, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратын басып алып, экс-президент Алмазбек Атамбаевты босатты. Олар Парламентке жаңа сайлау өткізуді талап етеді.
4 қазанда парламент сайлауы өтті. Оған 16 партия қатысты, бірақ шекті 7%-ды төртеуі ғана жинаған. Парламентке өтпей қалған партиялар сайлауды әділетсіз деп жариялап, жақтастарын митингіге шығуға шақырды. Шақырғаны сол-ақ екен, қырғызстандықтар 6 қазан күні түстен кейін Бішкектің Ала-Тоо орталық алаңына жинала бастады.
Алдымен бейбіт акция болды, бірақ қауіпсіздік күштері бірден алаңға тартылды.
Кешке қарай жағдай шиеленісе бастады. Алғашқы қақтығыстар мен тәртіпсіздіктер болды. Қауіпсіздік күштері шулы-жарықты гранаталарды және кейбір мәліметтер бойынша резеңке оқтарды қолданды.
Наразылық білдірушілер Ақ үйге — президент Сооронбай Жээнбековтің кабинеті орналасқан Үкімет үйіне шабуыл жасады. Қарсылық күштері біраз уақыт қарсы тұрғаннан кейін ғимаратты наразылық білдірушілерге қалдырды.
Олар Мемлекет басшысының кабинетінде суретке түсуді де ұмытпады.
Олар алдымен ғимартта бүлік шығарып, кейін оны өртеп жіберді.
Сондай-ақ, наразылық білдірушілер ҰҚМК мен мемлекеттік теледидар редакциясын басып алды. Қысқа келіссөздерден кейін тергеу изоляторының әкімшілігі сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 11 жылға сотталған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты шығаруға келісті. Бірнеше сағаттан кейін оның жақтастары Атамбаевпен суретке түсіп, қырғызстандықтарға «жалынды сәлем» жолдады.
Таңертең наразылық білдірушілер Бішкек мэриясын басып алды. Сондай-ақ, үш облыс басшыларының өз еркімен отставкаға кеткендігі белгілі болды. Ал Жээнбековтің туған жері Ош қаласында оны қолдауға арналған митинг өтті.
Президенттің өзі қырғызстандықтарды сабырлылық пен сақтық танытуға шақырып, түнде мемлекеттік төңкеріс әрекеті болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Жээнбеков атап өткендей, ол күш қызметкерлеріне наразылық білдірушілерге оқ жаудырмауға бұйрық берді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, тәртіпсіздіктерде бір адам қайтыс болды, 600-ге жуық адам жарақат алды.
Сурет: Sputnik, RFE/RL, 24.kg