Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында бірқатар өзгерістер болады.
Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында мәлім етті.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында орын алған кемшіліктерді жоямыз, ақшаның жұмсалу есебіне қатысты ішкі бақылау жүйесін күшейтеміз. Алайда, бұдан да басты ең маңызды мәселе бар. Қазіргі кезде жинақтау жүйесіне деген күмәнмен қарайтындар табылып жатыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты да күшейтпекпіз», – деді Ұлттық банк төрағасы.
«Инвестиция салу моделін таңдауда бәсекелестік принциптерін қалпына келтіргендей, зейнетақы активтерін басқару институттарына да солай ету керек. Қазір салымшылар таңдау жасай алмайды. Зейнетақы жинақтары қорға аударылады. Ал мұнда зейнетақы қаржыларын басқаратын ұйымды таңдау және инвестициялық стратегия таңдау мүмкіндік қарастырылмаған. Мемлекет салымшылар үшін де барлығын өзі реттеп, тәуекелге барады. Сондықтан, біз, зейнетақы активтерін басқару функциясын жеке немесе шетелдік компанияларға беру туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ұлттық банк зейнетақы активтері нарығында бәсекелестік болуын, салымшыларға таңдау ұсыну мәселесін қолдаған. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», -деді Данияр Ақышев.