Батыста жағдай ушығып тұр. Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп келеді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 15 сәуір күнгі таңғы сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша өзен деңгейі Орал қаласы тұсында бір тәулікте 13 сантиметрге жоғарылап, 768 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
Қаламен қатар, ауданда да жағдай мәз емес. Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 1 сантиметрге (802 см) түскенімен, қауіп сейілген жоқ. Есесіне Көшім ауылында 751 (+12), Тайпақта 459 (+11) сантиметрді көрсетті.
БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, Орынбордан келе жатқан үлкен судың алдыңғы легі бүгін кешке не түнде облыс шекарасына, Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсына жетеді.
«Жайық өзені бойында орналасқан 84 елді мекен мен Орал қаласында бөгеттерді бекіту жұмыстары бітейін деді. Қазіргі кезде бөгеттердің ені ұлғайтылып, биіктігі көтеріліп жатыр», – деді ол.