Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Белгілі бір жағдайда Катар дағдарысы Қазақстанға пайдалы – саясаттанушы

303

Қалай дегенмен де осылайша қазір геосаясатта қысымға ұшыраған тағы бір ел пайда болды. Иран мен Ресейдің қатарына Катар келіп қосылды. Бірақ бұл елдерді бөле-жара айта алмайсыз, өйткені олар әуел бастан одақтастар еді. Сондықтан Катардың қысымға ұшырауын Ресей мен Иранға жасалған соққы деп те қабылдауға болады.

Шетелдік басылымдар

„Бұл Трамптың Ресейді жер қылу үшін жасаған кезекті бір жұдырық сілтесі„

деп бағалауда.

Мұнай бағасы көтеріледі ме?

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Катар дағдарысының Қазақстанға белгілі бір жағдайда пайдасы бар дейді kaz.365info.kz медиа-порталына берген сұқбатында. Өйткені оған қойылып отырған талаптың бірі –

Иранмен қарым-қатынасын бұзып, байланысын үзу.

– Қазір мұнай бағасы арзандап кетті. Себебі Иран мен Катар мұнайды өкіртіп өндіріп жатыр. Катарға тағылған айыптан соң, оның сыртқа мұнай сатуына да тыйым салынған.  Мұндайда Иранның мұнай мен газ сатылымы төмендейді.

Араб елдері де дағдарысқа байланысты мұнай өндірісін қысқартады. Ал бұл, айналып келгенде, халықаралық нарықта мұнай бағасының көтерілуіне әсер етеді.

Бұл бюджеті мұнай табысына байланған Қазақстан үшін жақсы, – дейді Әзімбай Ғали.

Арабтардың ең жаман қасиеті қазаққа жұғып кетпесе екен…

Саясаттанушы Катар араб елдері қойып отырған шарттарды орындауға мәжбүр болады, оның басқа амалы жоқ екенін баса айтады.

– Катар елі жалтақтап, әрине, Ресей мен Ираннан ақыл сұрап, көмекке жүгінеді. Ал олар көмектесетіндей жағдайда емес. Тіпті, Асадты қолдайтынын ресми білдірсе де

АҚШ Сирияның әуе базасын  бомбалап тастағанда, Ресей ештеңе істей алмай қалған.

Енді, міне, тағы бір одақтасын тізерлетіп жатыр.

Негізінен, Ресей, Иран, Асад билігі араб еліндегі шииттерді қолдайды. Ал Батыс пен АҚШ сунниттер жағында. Бір жаманы, арабтың әмірлері ақшасын шашып, лаңкестерді пайдаланып, бір-біріне қастандық жасап отырады. Демек, тапсырыс берушілер шейх пен әмірлердің өзі, ал лаңкестер дегеніміз тек лас істі  орындаушылар. Сондықтан бұл өңірдегі былыққа бас сұқпаған абзал. Сунниттерді қолдаймыз деп аттандаудың да қажеті жоқ. Жеке адам түгілі, Ресей секілді бүтін елдің бұдан басы қатып кеткен. Мәселен, қазір Ресейдегі шешен елі тура осылай екіге бөлініп алған.

Олар қатты бөлінеді.

Мәселен, шиит суннитті көрсе, керісінше, суннит шиитті көрсе, бір-бірін тірідей өлтіріп тастауға бар. Арабтардың ең жаман қасиеті – осы алауыздықты біз жұқтырып алмауымыз керек, – дейді Әзімбай Ғали.

Еске сала кетелік, Сауд Арабиясының басты қойған талабы – Катардың Иран елімен, Хамас ұйымымен және “Ағайынды мұсылмандар” ұйымымен қарым-қатынасын үзуі. Осы дүйсенбіде Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр елдері Катармен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгенін мәлімдеген болатын. Олар Доханы БАҚ-ты арандатушылық мақсатта қолданып, лаңкестік іс-әрекетті қолдауын тоқтатпады деп айыптады. Ал кейін Ливияның шығыс бөлігіндегі билік, Мальдив аралдары және Маврикий де Катармен байланысын үзгенін жариялады.

Катар мен араб елдері арасында жанжал Эр-Риядта өткен Парсы шығанағы елдері мен АҚШ саммиті кезінде катарлық агенттік әмір атынан Иранмен байланысты жақсарту туралы мәлімдеме жариялағанда туындады. Ал саммит кезінде Катар жиналған барлық елдің атынан Иранды жаугершілігі үшін айыптап, қарсы жауап болатындығын мәлімдеген еді.

Кейін Катардың сыртқы істер министрінің ресми өкілі агенттік сайты бұзылғанын және әмір атынан айтылған сөзді хакерлер орналастырғанын хабарлаған еді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз